Жеңіс эстафетасы Рудныйға жол тартты
Облыс әкімі Н.Садуақасовтың бастамасымен қолға алынған игі шара бүгінде өңірдің әр аудан, қалаларында өткізілуде. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері, пкірлері, тілектері жазылған бұл “Облыстың әскери даңқ кітабын” 12 қыркүйекте Арқалық қаласынан Әулиекөл ауданы қабылдап алған болатын. Кітаптың негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің, соғыста қаза тапқан боздақтардың ерлік рухын паш ету.
Міне, 26 қыркүйекте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин бастаған делегацияны әулиекөлдіктер ерекше сән-салтанатымен қарсы алды. Ең алдымен қонақтар жауынгерлердің есімдері жазылған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, сонау сұрапыл соғыста қаза болғандардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы жерде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әкімбек қажы Қабден сөз сөйлеп, бүгінде ауданда Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмыстарының басталып та кеткендігін алға тартты.
Салтанатты шара одан әрі Мәдениет үйінде жалғасын тауып, аудандық көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында сөз алған аудан әкімі Амантай Балғарин маңызды шараның мән-мағынасына тоқталды.
-Құрметті аудан қонақтары, жиналған қауым! Әулиекөл жерінде өтіп жатқан еске алу эстафетасына және Қостанай облысының “Әскери Даңқ эстафетасы” кітабын табыстауға арналған салтанатты шараға қош келдіңіздер. Еске алу эстафетасы ұлы Отан соғысының 70 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – біздің халқымыздың барлық тарихын, ұмытылмас ерлігін келешек ұрпақққа мәңгілікке қалдыру. Сонау сұрапыл жылдары елі мен жері үшін, әскери ерліктері үшін жүздеген, мыңдаған қазақстандықтар ордендермен, медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, сонымен қатар қазақ қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды бес жүз қазақстандық Кеңес Одағаның батыры атанды. Осындай күні біз майданда жеңіске қол жеткізу үшін барын салған ардагерлерімізге салтанатпен қошемет көрсетіп, қаза болғандарды құрметпен еске аламыз. Жерлестеріміздің ерліктерін даңқ кітабына енгізіп отырмыз, бұл біз үшін үлкен мәртебе, – деді аудан әкімі Амантай Балғарин.
Жаңа жобаға мұрындық болған ішкі саясат басқармасы бұған дейін облыстың жеті өңірінде болыпты. Әулиекөлдік майдангерлердің есімдері енген бұл кітап енді Рудныйдың тарихи деректерімен толықпақ.
– Жеңіске қандай қиындықпен қол жеткізгенімізді, кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Міне, осы мақсатта өңір басшысы Н.Садуақасовтың тапсырмасымен қолға алынған “Облыстың әскери даңқ кітабын”бүгін сіздерге Арқалықтан жеткізіп отырмыз. Енді Рудный қаласына табыстағалы отырғанымызға да өте қуаныштымыз. Осындағы ардагер ағаларымызды, бүгінгі шараға жиналып отырған баршаңызды осы маңызды шарамен құттықтағым келеді, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин сонау қан майданда жан аямай күресіп, Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлердің ерліктері қашанда халықтың жадында сақталатындығын, осындай игі істердің келешек ұрпаққа берер пайдасының мол екендігін де ерекше айтып өтті. Сондай-ақ, өңірде ардагерлер мен сұрапыл соғыста көз жұмған боздақтардың құрметіне орай атқарылып жатқан істердің де бірсыпырасына тоқталды.
-Ұлы Жеңіске жетпіс жыл болса да, басталғалы бері жетпіс төрт жыл өтсе де соғыстың зардабы әрбір шаңырақтың, әрбір отбасының есінен кеткен емес. Содан бері мінеки үш буын алмасты. Қалай болғанмен, соғыстан қалған жараның орны әлі күнге дейін сыздайды. Мен осында отырған ардагерлер, сіздерге айтарым, Алла барлығыңызға аман-есен келесі жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алуды жазсын, – деді Кенжебек Үкіұлы.
Сол бір қан майданда Белорусь жерін азат етуге 243 қостанайлық жауынгер қатысқан көрінеді. Салтанатты шара барысында төрт әулиекөлдік ардагер Белоруссия елінің Президенті А.Лукошенконың арнайы төсбелгісімен марапатталды. Олар – Алдаберген Қасқаұлы, Иван Кинаш, Виталий Стовбур, Василий Гуменюк.
Сонымен, келесі эстафета тізгінін Кеншілер қаласынан келген қонақтар қабылдап алды. Салтанатты жиында сөз алған Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов бұл тарихи шараны рудныйлықтардың да кең көлемде атап өтуге бар күштерін салатындықтарын жеткізді.
Қарлығаш Оспанова
Әулиекөл ауданы