Технологиялық серпіліс

Елімізде «Цифрландыру, ғылым және инновациялар арқылы технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы іске асырылуда. Оған «цифрландыруға» қатысты  бағыттарды, яғни IT-индустрияны дамыту, цифрлық құралдар, жоғары сапалы интернет, мемлекеттік қызметтер, инновациялық бизнесті дамыту қызметтері кіреді. Цифрландыру жобаларын іске асыру кезең-кезеңімен 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде басталды. Жалпы Қостанай өңірінде аталған мемлекеттік бағдарлама іске қосылғаннан бері 50 миллиард теңгеге жуық қаржы игерілген. 2018-2021 жылдар аралығында облыста 48 миллиард теңгеге 300-ден астам жоба іске асырылды. Оның 37 миллиарды жеке инвестиция. Жалпы астықты өлкеде аталған бағдарламаны іске асыру деңгейі оң нәтиже көрсетіп отыр. Экономикалық тиімділік шамамен 9 миллиард теңгені құрап, 300 жұмыс орны құрылған.
 
Әлі де төмен деңгейде
 
Цифрландыру бағытында маңызды  салалардың бірі білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласы болып табылады. Осылайша бүгінде оқулықтарды цифрлық форматқа ауыстыру аясында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бары 670 оқулықтың  97% цифрландырылды және осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 100% жетпек.
«Жалпы, ауыл мектептері интернет инфрақұрылымымен толықтай қамтамасыз етілді. Дегенмен, ауыл мектептеріндегі оқу үдерісін цифрландыру әлі де болса төмен деңгейде. Бұған мектепішілік интернет тарату желілерінің жоқтығы себеп болып отыр, сондықтан бұл мәселеде жергілікті атқарушы органдардың қолдауы қажет», – деген болатын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Үкімет отырысында.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Цифрлық даму министрлігі Денсаулық сақтау Министрлігімен бірлесе, eHealth электронды денсаулық жүйесіне өту жобасы аясында жұмыстар атқаруда. Бұл азаматтарға қызмет алған орнына жүгінбестен, барлық диагноздарын, талдаулар нәтижелерін көре алатын ұлттық денсаулық паспортын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясына сәйкес мемлекеттің халықпен байланысын цифрлық өзара іс-қимыл құралдарына көшіру басталды. Жуырда, әкімшілік сотқа өтініш беру процестерін қысқарту үшін Жоғарғы сотпен e-Өtinish платформасын интеграциялау жүзеге асырылды.
Бағдат Мусин «KAZNEDRA» Бірыңғай платформасындағы жұмыс туралы да айтып өтті. 15 қыркүйектен бастап жер қойнауын пайдаланушыларға minerals.gov.kz платформасындағы жеке кабинетте интерактивті картада көрсетілген 1,5 мың электронды есеп қолжетімді болады. Үстіміздегі жылдың соңына дейін жер қойнауы туралы тағы 30 мың есеп электронды нұсқаға ауыстырылады. Болашақта бұл платформа жер қойнауын пайдаланушылар үшін «market place» қызметін атқаратын болады.
 
Ауыл шаруашылық саласында
 
Цифрландыру ауыл шаруашылығы саласына да енді 1 шілдеден бастап фермерлерге арналған ақпараттық жүйелерді субсидиялау жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, 1475 байланыс орталығы құрылды. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау тәсілі келтірілген шығындарды 30%-ға қысқартуға және қосымша құжаттар санын 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, барлық мал дәрігерлеріне ауылшаруашылық жануарларын  сәйкестендіруге арналған мобильді қосымшада жұмыс істеу үшін планшеттер бөлінетін болады. Бұл жүйеде оларға интернетсіз де жұмыс істеу мүмкіндіктері қарастырылған.
Ұлттық жоба жұмыс іске қосылған 2 жыл ішінде IT нарығы да едәуір дамыды. Қабылданған шаралар негізінде экспорттық түсім 80%-ға өсті және жаңа жұмыс орындарының пайда болуында да оң динамика байқалды.  IT-компаниялардан түсетін салық өсімі 46%-ды құрады.
 
Дені электронды форматта
 
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, осы салада 175 бизнес-процес жетілдірілген және мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 94%-ы онлайн форматта қолжетімді болса, 25 қызмет проактивті форматта. Сонымен қатар, 9 қызмет бейнесервис арқылы көрсетіледі және осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 44 қызметке дейін ұлғайтылатын болады. Бұдан басқа, еліміздегі
6 миллион  жанұяның әл-ауқаты бойынша ақпарат күнделікті жаңартылып  берілетін «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл мұқтаж отбасыларға проактивті форматта әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
 
Еш кедергі жоқ
 
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында білім беру саласын цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Мектептерде электронды журнал, электронды күнделік сынды түрлі жүйелер бар. Кәсіпкерлер мен стартапшылар үшін де мүмкіндік көп. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына дейін цифрлық технологияларды енгізу, компьютерлік құрылғыларды орнату деп қабылданатын. Шын мәнінде, цифрлық технологияларды енгізу – үлкен еңбек»,– дейді ұстаздар қауымы.
Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі тартақан деректерге сүйенсек, елімізде Ұлттық білім беру деректер қоры жұмыс істейді және мектептерге виртуалды шындық жобалары енгізіліп жатыр.
«Мектептерде жүзеге асырылуы тиіс жобалар көп. Робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар аясында виртуалды шындық жобалары енгізіліп жатыр. Қазақстанның білім беру жүйесінің өзі стандарттарды жүзеге асыруға негізделген. Білім беру жүйесінде мемлекеттік білім беру стандарттары ұғымы бар. Яғни, кез келген оқулыққа сараптама жүргізіледі. Ал виртуалды шындық, зертхана сыныптары әзірге қосымша білім беру жүйесі ретінде енгізіліп жатыр. Осыған байланысты, жаңа технологияларға еш кедергі жоқ», – дейді ұстаздар.
Бүгінгі таңда облысымызда АКТ саласындағы білікті кадрлар жеткілікті. 2022 жылы IT мамандықтары бойынша 190 студент бітірген. Жоғары оқу орындарымен қоса, облыстың 14 колледжі кадрлар дайындайды. Биыл 276 маман IT мамандығы бойынша бітірген, оның 75%-ы жұмыспен қамтылған. Оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде түлектердің 93%-ын жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Айта кетейік, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) балалар мүддесін қорғайтын «Social Innovation» әлеуметтік инновациялар зертханасын ашты. Оның қызметі заманауи технологиялар арқылы балаларды түрлі сын-қатерден қорғайтын жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Жалпы «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» жобасы 2025 жылға дейін жалғасады.
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓