Инватакси қайта іске қосылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыруға, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға, кедергісіз орта құруға, мүгедектердің құқын тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық кеңістік қалыптастыруға үндеген болатын. Осы орайда Рудный қаласында ақпан айынан бастап инватакси қызмет қайта іске қосылмақ. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар қалаған жерлеріне тегін бара алады. Айта кетерлігі, мұндай қызметті қалалық ерікті мүгедектер қоғамы 3 жыл қатарынан ұсынып келеді. Қоғам жетекшісі Санаш Есжановтың айтуынша, бүгінде инватакси кеншілер қаласында тұратын 265 мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетеді. Олардың 80-і белсенді түрде пайдаланса, қалғаны айына 1-2 рет қана сыртқа шығатын көрінеді.
– Инватакси – мүгедектердің жүріс-тұрысын жеңілдетуге ғана арналған жоба емес. Бұл – сондай-ақ жаңа жұмыс орындары. Себебі, таксиде жұмыс істейтін 11 адамның 9-ы – бала-шағасы бар мүмкіндігі шектеулі жандар. Қиын-қыстау кезеңде сау адамның өзіне тұрақты жұмыс тауып беру – оңай шаруа емес. Сондықтан жобаны мемлекет есебінен қаржыландырылуына қолдау көрсетіп келе жатқан Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне айтар алғысымыз шексіз, – дейді Санаш Сағындықұлы.
Инватакси қызметін тұрғылықты мекенжайы бойынша Рудный қаласында тіркелген 1 және 2 топтағы мүгедектер пайдалана алады. Диспетчермен байланыс телефоны 7-10-14.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ