Абырой-беделдің айнасы
Мемлекеттік қызметті жетілдіру – заман талабы. Бұл бағытта қалада қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Біз осы орайда Арқалық қаласы әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Бауыржан Бралинмен сұхбаттасқан едік.
– Бауыржан Сабыржанұлы, өзіңізге мәлім қазір заман ағымына сай елімізде мемлекеттік қызметке терең мән берілуде. Оны жетілдіру бүгінгі күннің басты талабы десек те болады. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, мемлекеттік қызметтің қала аймағындағы құрылымы қалай қалыптасқан?
– Әкімдік бойынша 132 мемлекеттік қызметші бар. Бұл барлық бөлімдерді, ауыл әкімдіктерін қосқандағы көрсеткіші. Бос лауазым деген бізде бола бермейді. Бірлі-жарымды болғанымен іле-шала орны толықтырылып отырады. Өйткені, өңірде бұл бағытта, яғни мемлекеттік қызметке деген сұраныс басым.
Ұзақ уақыт, 3 айдан артық немесе 1 жыл бойы тұрған бос лауазым орындары бізде жоқ. Орын босаған бетте байқау жарияланып, адамдар лезде келеді. Тіпті, бір орынға бірнеше үміткер қатысады. Бұл сұраныстың басымдығының көрінісі.
Қазір ережелер де өзгерді. Ешқандай байқаусыз ішкі жылжыту жүзеге асуда. Айталық, бөлімде жұмыс істеп жатқан маманды белгіленген талаптарға сай болса бос лауазым орнына жоғары лауазымға жылжытуға болады. Жақын аралықта бізде 3 маман осындай жолмен жоғары орынға жылжытылды. Осы жаңа жүйемен аппараттың ұйымдастыру-инспекторлық және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімдерінде, әлеуметтік қорғау бөлімінде басшылар тағайындалды. Жұмыстарын істеп жатыр. Сырттан адам алмай, бөлім ішіндегі жұмыс істеп жатқан мамандарды қызмет сатысы бойынша жылжытып жатырмыз. Қалада 12 мемлекеттік мекеме бар. Бұдан өзге 13 ауыл және ауылдық округтер бар, оның 9-ы ауыл, 4 – і округ. Жалпы алғанда 13 ауыл әкімі жұмыс істейді. Таяуда Қайыңды ауылдық округінде әкім сайланды. Бір орынға 3 үміткер түсті. Келесі жылы 3 әкімнің мерзімі келіп тұр.
– Мемлекеттік қызметшілердің білімін, біліктілігін жетілдіру мәселелері туралы не айтасыз?
–2022 жылдан бастап білім жетілдіру, қайта даярлау курстарынан 39 мемлекеттік қызметші өтті. Оның 27-і біліктілікті көтеру, 12-і жаңа қабылданған мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау үрдістері. Жыл басынан бері 8 жалпы байқау өткізілді. Қалалық әкім аппаратында 21 мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады. Сыбайлас жемқорлық мәселелерінде бұзушылықтар орын алған жоқ. Қаңтар айынан бастап 14 мемлекеттік қызметші өз еркімен қызметінен босады. Олар басқа қызметке ауысуына байланысты, зейнеткерлікке шығу, көшу-қону басқа жаққа қоныс аудару сияқты себептермен жұмыстан босаған. Мемлекеттік қызметшінің осы саладан мүлде шығып кетуі тіркелмеген. Тәжірибе жинау үшін екінші жартыжылдыққа адам жоспарланған болатын, оның 6-ы өтті.
– Жалпы мемлекеттік қызметке қабылдау үрдісі қалай жүзеге асады?
– Бізде 2019 жылдан бері «Тестілеу залы» жұмыс істеп жатыр. Аймақтық болып ашылғандықтан маңайдағы іргелес жатқан Аманкелді, Жанкелдин, сондай-ақ Жарқайың аудандарына тиімді болып тұр. Жердің шалғайлығына жақсы. Мемлекеттік қызметке келгісі келген адам осында келіп тестілеуден өтеді. Сертификаты 1 жылға жарамды. Бос орын болса байқау жарияланады. Бас мамандарға жалпы байқау, басшылық лауазымдарға ішкі байқау ұйымдастырылады. Ішкі байқау сол органдағы қызметшілерді іштен жылжыту, сырттан адам алмау үшін қарастырылған. Егер, ол байқауға үміткер қатыспаса, онда Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады. Байқау өткен кезде облыстағы мемлекеттік қызмет департаменті қашықтан «zoom» жүйесі арқылы бақылаушы ретінде қатысады. Бұл мәселеде ешбір шектеу жоқ. Бәрі ашық, жария-
лы түрде өтеді. Кез келген азамат атсабылтып келмей – ақ, онлайн тапсырыс беру арқылы қатыса алады. Ешқандай қиындық, проблемалар жоқ.
лы түрде өтеді. Кез келген азамат атсабылтып келмей – ақ, онлайн тапсырыс беру арқылы қатыса алады. Ешқандай қиындық, проблемалар жоқ.
– Әдеп жөніндегі уәкілсіз. Әдеп Кодексінің талаптарын сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында да сөз қозғасаңыз.
– Тәртіп жөнінде жас маман жұмысқа тұрған бетте айтып, таныстырып өтеміз. Әдеп Кодексінің талаптарын сақтау жөнінде әңгіме жүргіземіз. Кітапшалар беріледі. Аппарат отырыстарында да айтып, жеткізіп тұрамыз. Ішімдік ішпеу, қызметтік автокөлікті дұрыс пайдалану, жұмыстан тыс уақытта қоғамда өзін қалыпты ұстау т.б Әдеп ережелері туралы кең көлемде қамтимыз. Біле білсек, темекі тұқылын тастап айыппұл алудың өзі мемлекеттік қызметшіге лайықты іс емес. Жұмыста өз – өзін ұстау, адамдармен қарым – қатынас жасау, телефонға дұрыс жауап беру, қоғамдық орындарда өзін ұстау соның бәрі айтылады, түсіндіріледі. Әзірге мұндай өрескел қылықтар орын алған жоқ. Бұрынырақта тұрғындар тарапынан арыз – шағымдар ішінара кезіккен. Ондай жағдайда мән-жайын тексеріп, анықтаймыз. Бірақ, нақты ештеңе дәлелденбеді. Тікелей Әдеп Кодексін бұзғаны үшін жауапқа тартылған қызметшілер жоқ.
– Мемлекеттік қызметті жақсартуға бағытталған жұмыстар көп қой.
– Иә, мемлекеттік қызмет көрсетудің белгіленген регламенттері мен стандарттары бар. Келіп түскен өтінішке уақытылы жауап берілуі керек. Басты талап – өтініш берген адам қанағаттанатындай дұрыс жауап берілу қажет. Жұмыс барысында сол талаптардың бәрі сақталады. Инспектор бар. Ол тікелей мониторинг жасап, бақылап отырады. Мерзімінен асып кетсе жауапты маман тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Әрбір бөлімдер үшін жетекшілік жасайтын қала әкімінің орынбасарлары жауап береді. Осының барлығы мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған жұмыстар деп айтуға болады. Көрсетілген қызметке халық уақытылы жауабын алады. Жауап қанағаттанарлық болу керек. Қанағаттанбаса арыз – шағымымен қайта жүгіне алады. Ол тағы қайта қаралады. Мұндай бұзушылықтар болып жатқан жоқ. Оның сыртында ҮЕҰ – дар мемлекеттік қызметті көрсету сапасына сыртқы мониторинг жасайды. Мекемелерге барып, қарап зерттеп, қызмет қалай көрсетіліп жатыр? Келушілерге жағдай жасалған ба? Мүмкіндігі шектеулі жандарға немесе кәсіпкерлерге болсын кез келген адамға жағдай жасалған ба, әлде жасалмаған ба? Осы бағытта сараптама жасап БАҚ арқылы сын айта алады. Қаланың «Қоғамдық кеңесі» мемлекеттік органдармен жылына кемінде бір рет тыңдалым өткізеді. Онда әкімдіктің дербес бөлімдерінің жұмыстары талқыланады. Ел алдында есеп беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің басшылары белгіленген күндерінде азаматтармен жеке қабылдау өткізеді. Қала әкімі, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл әкімдерінің қабылдау кестелері түзілген. Қоғаммен, тұрғындармен қатынас бар. Бұлардың барлығы еліміздегі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар.
– Мемлекеттік қызметке келгісі келген жастарға берер кеңесіңіз?
– Мемлекеттік қызметтен жастар қашпауы керек. Бір жағынан ол – құрметті жұмыс. Артықшылықтары да бар. Әлеуметтік кепілдіктері болады. Әртүрлі саладағы адамдармен, жұмыстармен танысады. Тұрақты табысы бар. Былтырдан бері елімізде мемлекеттік қызметшілердің еңбекақылары көтерілді. Шыны керек, сол еңбекақыны көтергеннен бері адамдардың қозғалуы да аз. Қазір мемлекеттік қызметтен көп аса кетпейді. Өйткені, артықшылықтары көп. Мансап үшін де керек. Бәріміз де қызметтік өрлеу сатысынан өтіп келеміз. Кезінде біз де жас маман болдық. Елге қызмет істеу, елдің алғысын алу, құрметке бөлену – адамға зор абырой әкеледі. Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде мемлекеттік мерекелерде мамандарды көтермелеу жұмыстары қарастырылады. Түрлі марапаттарға ұсынамыз. Бұл-ынталандыру болып табылады. Сыйақыға ұсынылады. Абыройлы, әрі жауапкершілігі мол жұмыс. «Бейнет болмай, зейнет болмайды» деген. Мол білім, мінез, төзімділік, әдеп керек. Адамға біліммен қатар тәрбие керектігі дұрыс қағида. Соның бәрін бойына сіңірген адам бейнеттің зейнетін көреді. Үлгі етер азаматтарымыз баршылық. Қала әкімінің орынбасары Түбекбай Ғапсалықұлы Әубәкіров «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды. Көп жылдар бойғы осы саладағы еңбегінің жемісі. Ұзақ уақыт абыройлы жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік мекемелердің басшылары Наталья Гайдаренко, Анар Мұхамеджанова, Бақыткүл Мұқышева, Динара Нұрғабыловалардың есімдерін де құрметпен атауға болады. Еңбегін бағалайтын жастарымыз да көп. Бізде кадр тапшылығы жоқ. Жастар мемлекеттік қызметке орналасудан қашпайды.
– Мемлекеттік қызметші қандай болу керек?
– Мемлекеттік қызметші білімді, білікті болуы керек. Сауатты, өзінің жұмысын білетін, өзінің қызметін сүйетін адам болуы керек. Өзінің жұмысын сүймесе, жұмысты жарытып істегісі келмейді, содан барады да сапалы дұрыс қызмет көрсетпейді. Сосын оның нәтижесі қандай болатыны белгілі. Әдепті, ұстамды, сабырлы, тиянақты, ізденімпаз болу керек. Заман күн сайын ілгерілеп, өзгеріп жатыр. Үнемі өзін жетілдіріп отырмаған адам көштен қалып қояды. Заманның ағымымен бірге мемлекеттік қызметтің де қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Мұрат Жүнісұлы
Суретті түсірген автор.