Немересін мәпелеген

Әсем ән – әрдайым адамзат жанын ғажайып әлемнің бесігінде әлдилейтін сырға толы сезімнің сұлу да сиқырлы сазы. Жер жүзіндегі тіршілік иесінің жансарайын сәулесімен жарқырататын әннің әрбір ырғағы көкіректегі көңіл теңізін тебірентіп, сезімнің тамырын тірілтетін құдіретке ие. Осынау таңғажайып өнерге бар жан-тәнімен ғашық өнерлі өреннің бірі – Нұржайна Таубалды.
Нұржайна Арқалықтың қызы. Осы жерде туып, өсіп, өнерге, білімге құлаш ұрып келеді. Ұлық өнерге деген сезім балғын қыздың жүрегіне ес біліп, тіл үйренген сәтінен бастап-ақ ұя салған. Тіл көзден аман болсын, кішкентай ғана 9 жасар Нұржайнаның алған жетістігі ұшан-теңіз.
Жас өнерпаздардың ішінен озық деп танылған жерлесіміз үздіктердің үздігі болып, байқауларда еліміздің намысын қорғап жүр. Талантты жас әнші сахна төрінен әуезді әнімен, өзімен бірге еріп барған әжесі Гүлжанды қуанышқа кенелтіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Нұржайнаға өнер ата-әжесінен, әкесінен берілген. Әжесі немересін кішкентайынан бауырына басқан. Мейірімін төгіп, бар асыл ізгі қасиеттерді сіңіре білген.
Ұстаз үшін шәкіртінің озғанынан асқан мадақ пен мәртебе жоқ екені аян. Нұржайнаның  бойындағы өнерге деген талап пен талпынысты байқап, осындай үлкен белестерден көрінуіне себепші болған жандардың бірі Мәдениет саласының үздігі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Қарлығаш Жақыпбекова. Осы орайда жас өнерпазға қолдау білдірген облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығы және Арқалық қаласының мәдениет бөлімі екенін айта кетейік. Одан қалды білім алатын мектебі, барша ізгі ниетті жандар десе де болады.
Әнші немересін Гүлжан апайымыз үнемі жетелеп, демеп жүреді. Немересінің болашағына үміт артып, сенім білдіреді. Қазақ елінің, соның ішінде Тобыл-Торғай жерінің үмітін ақтап, жеңіске жетуіне барын салады.
– Нұржайна кішкентайынан өнерге жақын болды. Балабақшада жүргеннен-ақ өлең айтып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрді. Мектепке барған 2019 жылы Арқалықта «Арқа жұлдыздары» атты фестиваль болған еді. Соған қатысып, бірінші орын алды. Осы байқауда Қостанайға «Алтын микрофонға» жолдама берді. Ең алғаш жеті жасар немеремді жетелеп, қаладан тыс байқауға шықтық. Облыстық байқаудан екінші орын алып, жеңіспен оралдық. Сол жылы екінші рет халықаралық фестивальге шақырту алдық. Ол жерден дипломант атанды. Астанаға да барып «Мен жұлдызбын» халықаралық фестивалінен бас жүлдені иемдендік. Келер жылы дайындалып «Елімнің ертеңімін» атты өзінің ең алғашқы шығармашылық концертін онлайн түрде ұйымдастырдық. Барлық байқаулардан қалмауға тырысамыз. Әр қайсысының берері мол. Үнемі жүлделі орындардан көрініп келеміз. Былтыр «Алтын микрофоннан» жүлделі болып, Қырғызстанға шақырту алдық. Жазда қырғыз елі бізді құшақ жая қарсы алды. Бұл жақта да бірінші орын алдық, – дейді әжесі Гүлжан апай.
Өнер жолы – ауыр жол. Оны осы жолда жүрген жан жақсы біледі. Биіктерді бағындыру үшін мойымай еңбек ету керек.
– Қызымның жұлдызы жарық. Бұдан да биік белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жеткіміз келеді. Ол үшін әрине, демеуші керек. Егер қолдау болып жатса бұдан да биіктерге көтерілеріміз анық. Сол Қырғызстанда жүргенімізде Ресей елінен Екатерина Сергеевна деген өзге фестивальдің президенті келіп, оң пікірін білдіріп, өзінің байқауына онлайн қатысуға шақырды. Жақында шақырту алдық. Енді Арқалық қаласы мәдениет бөлімінің қолдауымен осы байқауға дайындық үстіндеміз. Нұржайнаның талантын көріп, дамытқан ұстазы Қарлығаш Жақыпбекова еді. Ол кісі қазір зейнеткерлікте. Баланың талабын танып, шыңдағаны үшін алғысымыз шексіз. Одан қалды үнемі жол сілтеп отырған қалалық мәдениет бөлімінде еңбек ететін Миргүл тәтесінің де еңбегі зор. Тек ол кісі емес, сол бөлімнің басшысынан бастап барлық қызметкерлер үнемі қолдау білдіріп отырады. Адамға сенім білдіріп, үнемі қолдап отыру көп көмек екен. Қырғызстаннан келген соң біз облыс орталығына шақырту алдық. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өзі келіп, құттықтап, ықыласын білдірді. Облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев, Бибігүл Сембайқызы үнемі хабарласып, қолдап отырды. Осының бәрі адамға шабыт береді екен. Балам әлі кішткентай болса да бар болашағымыз алда, – деп өзінің алғысын жеткізді әжесі. 
Нұржайна мектепте үздік оқиды. Оның сыртында ағылшын тілін де меңгеріп, қосымша білім алуда. Балалар жылы аясында өнерлі өрен қала әкімінен ақшалай сыйлық пен Алғыс хат алды. Биыл Нұржайна қаладағы музыкалық мектепке барды. Ол жерде вокалист Гүлнұр Баяхметовадан білім алып жатыр. Талапты өренге тек сәттілік тілейміз. Өнер жолында тек жақсы адамдар кездесіп, жолы ақ болсын демекпіз.
 
Миргүл Мұсабекова,
Арқалық қалалық Мәдениет сарайының
 көркемдік жетекшісі.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓