Ардагер төсбелгімен марапатталды
Қостанайда Ұлы Отан соғысының ардагері, педагог, журналист, ақын Қасымхан Алдабергеновке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды.– Он төрт жасымда қолыма домбыра алып, сахнаға шығып, қазақтың жыр-термелерін орындап, 80 жылдан бері қазақтың өнерін, жырын жаныма серік етіп, насихаттаумен келемін. Менің шығармашылық жолымдағы осы еңбегімді елеп, омырауыма төсбелгі тағып жатқан басшылыққа алғысымды білдіремін. Қаламдас әріптестерге менің жолымды берсін деймін, – деді өнерпаз Қасымхан Алдабергенов.
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов ардагерді құттықтап, омырауына төсбелгіні тақты.
Ұлағатты ұстаз-тәлімгер халқымыздың ғажайып өнері – айтысты, жырау-термешілікті насихаттап, талай айтыстарға қатысты. 1961 жылы Қазақстанның 40 жылдығына орай өткен аймақтық айтыста бас жүлдені жеңіп алды. Сол айтыс туралы «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Правда» газеттері жазған. Қасымхан ақсақал Ұлы Отан соғысынан елге оралған соң, біраз жыл мұғалім болды, алдынан талай шәкірт білім алды.
–Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін қаламды қолға алып, «Қостанай таңы» газетінде меншікті тілші болып жемісті еңбек еткен қаламгер, бүкіл саналы ғұмырында ұрпақ тәрбиесіне араласып, соңғы қырық жылдан астам уақыт бойы осынау құрыштан құйылған құдірет – Қасымхан ағамның қасында жүріп, оның болмыс-бітіміне, әні мен күйіне, әзілі мен жырына тәнті болып келемін. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы деп халқымыз аспанға көтеретін елінің ері, Қасымхан ағадай-ақ болсын, – деді әріптес інісі, қазақ тележурналистикасының ардагері Қажы Қорған.
Сондай-ақ, кездесуде жақында ғана «Құрмет» орденіне ие болған айтыскер ақын Әсия Беркенова да қатысты.
– Қостанай секілді тіліміз көп зардап шеккен өңірде халқымыздың төл өнерін өмір бойы насихаттау деген Қасымхан ағаның ерлік ісі деуге болады. Ол кісінің қарапайымдылығы, кісілігі бір төбе. Бұл марапаттардың барлығы Қостанайдағы ұлттық өнерге деген үлкен құрметтің белгісі деп білемін, – деді ақын Әсия Әйіпқызы.
Қаламгердің өлеңдері мен публицистикалық шығармалары екі том болып жарық көрді. 95-ті алқымдаған ардақты ардагер әлі тың, еңсесі тік, қажыры бойында. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атануы өнерпаздың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі деуге толық негіз бар.
Әсел Қибаш
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков