Көкшетаудағы көрме
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы» музейаралық инновациялық жобасы аясында Көкшетау қаласы мен облыс тұрғындарының назарына Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы жәдігерлерден «Құт қонған Қостанай» көрмесі ұсынылды.
Көрермендер «Құт қонған Қостанай» көрмесі экспозициясында Қостанай облысының мәдени-тарихи мұрасымен танысты. Көрмеге минералдардың сирек үлгілері; тас ғасыры, қола дәуірі мен ерте темір ғасырының бірегей археологиялық олжалары; қазақ батырларының сауыттары мен қару-жарақтары, аңшының құрал-жабдықтары; зергерлік әшекейлер, өлке ұлыстарының ұлттық киімдері мен тұрмыстық заттары қойылды.
Көрмеге музейдің бағалы көркемсурет жиынтығынан Қазақстан бейнелеу өнерінің негізін қалаған шеберлер: Ә.Қастеев, Н.Хлудов, Л.Леонтьев, Ж.Шәрденов,
Х. Наурызбаев, Ғ.Баян; танымал қостанайлық суретшілер мен қолөнер шеберлері: Г.Соков, Н.Торшин, А. Шестаков, С.Луговой, Н.Халифаева, С.Шалунова, С.Ищанов, А.Аңқауовтардың туындылары қойылды.
Іс-шара Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық ғимаратында өтті.