Аян ЕЛІБАЕВ: “Тарихты түгендеу – ұрпақ алдындағы борышымыз!”

Успенов ауылының тұрғыны Аян Елібаев ширек ғасырдан бері Федоров ауданының тарихын зерттеумен шұғылданады.  Өңір шежіресінің ашылмаған тұстары әлі көп дейді ол.  Кеңес үкіметі тұсында жазылған деректерде  аудан тарихы украин қоныс аударушыларының келуімен байланыстырылған. Бірақ, бұл мүлде жаңсақ пікір. Ежелгі Жаркөл өңірі  қазақтың талай белгілі азаматы туып-өскен жер.  Оның тарихын сүттің бетін қалқып алғандай, бергі жағынан қаузамай, түпкі шежіресін түгендеу – келелі іс. Әрі-беріден соң бұл ұрпаққа қажетті ұлағатты шаруа болмақ.
Аудан әкімі Тәуба Исабаев осындай бастама көтергенде Аян Қабиболлаұлы қуана келісті. Тіпті  ол күн-түн қатып  жұмыс істеуге пейілді.  Өткен күннің ізі көмескілене бастаған тұсы қалың оқырман қауым үшін  асыл қазына болары анық. Сондықтан, ел-жерге қатысты тарихи дүние кезек күттірмей қатталуы тиіс деп есептейді. Қазір әкелі-балалы Аян  мен Тұрар Елібаевтар аудан тарихына қатысты деректерді жинастырып жатыр.
– Ұлымыз екеуміз жаздың күні Алматыға барып, екі апта бойы мемлекеттік архив, Президент архиві мен республикалық орталық кітапханада жұмыс істеп, ауданымыздың бұрынғы тарихына қатысты құжаттарды жинастырдық. Көптеген қызықты мәлімет таптық.  Біз  Шығыс округіне қатысты, 1916 жылғы Қарабалық көтерілісі, Жаркөл жеріне қоныс аударушылар туралы деректерді іздестіргенбіз. Мақсатымыз орындалды. Бір-біріне қоңсы орналасқан Қарабалық, Федоров, Таран (қазіргі Б.Майлин) Қостанай аудандары заманында Шығыс округіне қараған ғой. Ол кезде елді мекендер  16-шы ауыл, 21-ші ауыл деген сияқты жеке дистанцияларға   бөлінген. Сырттан келген келімсектер жоқ, қазақ өзі тұтас отырған. Бұл маңда Шотай Бақтыгереев, Жантөре Жаһангеров,  Мұхамеджан Жантөрин, Ахмет Жантөрин аға сұлтан болыпты. Архивті қопару барысында ол кісілердің жазысқан хаттары, оларға келген хаттар, елдің сол кездегі жағдайы туралы жазғандары, Орынбордан келген іс-қағаздары, 1849-50 жылдары Петербургке барған сапарлары жайлы мәліметтерді кездестірдік. Мұндай құнды құжаттар көп, –дейді тарихшы.
Аян Елібаевтың айтуынша, бұл туған жер тарихына қатысты  үлкен бір  кітап болмақ. Онда  XVIII ғасырдың аяғынан бастап ауданның жиырмасыншы ғасырға дейінгі өмір сүру кезеңі көрініс табады. Әрине, бұған дейін аудан шежіресі түзілген кітап шыққан. Авторы – Петр Черныш.  Бірақ, ол үстірт жазылған. Ұлттық тарих туралы дерек жоқтың қасы. Жаркөл жылнамасы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басы, қоныс аударушылардың келуінен басталған.
– Аға ұрпақты қойшы, олар елдің ежелгі тарихынан там-тұмдап болса да, хабары бар. Бәрінен өсіп келе жатқан ұрпаққа қиянат жасаймыз ғой. Олар туған жері, өскен ортасының өткенінен мүлде хабарсыз. Сондықтан, бұл жұмыс болашақ алдындағы борышымыз деп есептеймін. Жалпы, біздің өңірден тек, аға сұлтан, әкім-қаралар ғана емес, түрлі мамандық иелері көп шыққан. Бір-екеуін мысал етейік. Біздің қолымызда қазақтың тұңғыш фельдшері Шамыра Қаржақов туралы деректер бар. Ол кісі осы Федоров ауданының тумасы. Орынборда оқып келіп, 1858 жылы осы Шығыс округінде адам емдеген.  Кейін Ақтөбеде, Қостанайда тілмаш болыпты. Жетпіс жасында Ақтөбе уезінде қайтыс болған. Сейітхан Жантөринді айтуға болады. Атақты Ахмет  Жантөриннің бел баласы. Әкесі Петерборға барғанда он екі жасар Сейітханды ертіп апарған. Сонда ешкімді жақтыра бермейтін қатыгез Николай 2- патша  балаға алтын сағат сыйлапты. Кейін С.Жантөрин  Орынбордағы кадет корпусына оқуға түседі. Бітіргесін Ресей армиясында қызмет еткен.  Қазақтан шыққан алғашқы этнографтардың бірі. Үшінші бір адам, ол Әбубәкір Алдияров. Негізі он XIX ғасырда  университет бітірген адамдар көп болмаған. Әбубәкір Қазан университетінде оқып,  дәрігерлік қызмет атқарған. Ахаң шығарған  Троицкіден шығып тұрған "Қазақ"  газетінде жұмыс істеген. Қостанайда Алаш полкінің дәрігері болған тұста  жағдайы төмен адамдарды тегін қараған көрінеді. Ол үшін газетке жарнама береді екен. Ешкімді ұлтқа бөлмеген. 1916 жылы қазақтарды қара жұмысқа алғанда  өз еркімен әскерге сұранып, онда жараланған, ауырған қазақтарды емдеп жазған. Әбубәкір 1928 жылы  кәмпескеге ұшырап, Семейге жер аударылды. 1938 жылы Мирзоян (қазіргі Тараз) қаласында "халық жауы" ретінде атылған, – дейді Аян Қабиболлаұлы.
Тарихшының айтуынша, Шығыс округіне қатысты деректер өте көп. Оны жинастыру үшін уақыт керек. Сондықтан, ынталы топ әлі де Ақтөбе, Ресейдің Челябі, Орынбор, Екатеринбург қаларындағы мұрағаттарды аралап, қажетті құжаттарды жинастыруды жоспарлап отыр. Аян Елібаев, 1921-1922 жылдары Жаркөл бойында  болған соғыс туралы ақпаратты тапқан. Бұған ол  "белгісіз соғыс"  деп айдар тағып отыр.
– Бұл сирек кездесетін, таңқаларлық  құжат, 1921 жылғы 28 тамыздағы жеделхатта: "11 сағат 45 мин. Барлаушылар  келді. Шұбар болысында Аистовтың басшылығымен мықтап  қаруланған бір топ банда ұсталды.  Қарақшыларды қуып жету үшін барлаушылар  жіберілді. Федоров ауданында банданың пайда болуына байланысты мен сізге бағынатын барлық қарулы күштерді қоршау жағдайында жариялаймын. Сізге банданың орналасқан жері туралы түнгі барлауды бұйырамын!  Алты сағаттан кейін бәрін маған телеграф арқылы жеткізіңіз. Қаруды 5- ротадан алыңыз. Аверин", – деп тәпсірлеген.   Міне, осындай деректер бар қолымызда. Туған жердің өткен  тарихын білу кім – кімге де  қызықты һәм пайдалы, – дейді А.Елібаев.
Әкелі-балалы Елібаевтар тапқан маңызды құжаттар жетерлік.  Ол  өңір тарихы  кітап болып жарық көргенде, көптің қызығушылығын арттыратынына бек сенімді.  Федоров ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде  "Федоров ауданының тарихы"  жобасын жариялады. Жобаны іске асыруға "Болашақ" жастар қоғамдық бірлестігімен келісім-шарт жасалды дейді Федоров аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Сәлпенова.
– Ондағы мақсатымыз  – ауданымыздың тарихын насихаттау. Келесі жылы жеке жинақ шығару ойымызда бар.  Алдымен  2023 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес,  жинақталған материалдарды ретке келтіріп, редакциялық жұмыс тобының қарауына ұсынбақпыз, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
                                                                                                       
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Федоров ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓