Мерейлі жылға тарту
Қазақстан халқы ассамблеясында неміс диаспорасының атқарып жатқан жұмысы орасан. Олар екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың берік орнауына да үлес қосып жүр. Биыл Қазақстан мен Германия дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтіп жатыр. Осы мерейлі іс-шараның құрметіне Қостанайдағы Жастар сарайында екі бөлімнен тұратын концерт ұйымдастырылды.
Концертті ашқан Қазақстандағы Германия елшілігінің мәдениет және баспасөз бөлімінің басшысы Засс ханым қос елдің ынтымақтастығы жөнінде сөз етті.
«Осы жылдың 11 ақпаны – 30 жылдық мерейтойымыздың басталған күні. Ауызша әрі ресми құжат алмасудан басталған ынтымақтастық бүгінде көп қырлы, жан-жақты қарым-қатынасқа ұласты. Мерейтой тек қорытынды жасауға ғана емес, болашаққа оптимизммен қарау үшін керек. Германия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі және соңғы 30 жылда екі ел саяси, экономикалық және мәдени салаларда сенімді байланыстар орнатты. Германия мен Еуроодақ Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қолдайтын болады», – деді ол.
Кеште «Астана Операның» жетекші солисті Евгений Чайников атақты туындыларды орындап, көрермен ықыласына бөленді. Ол Қазақ ұлттық академиясында оқып, кейін Аризонадан (АҚШ) білім алып келген өнерпаз. Әншіні Қазақ ұлттық өнер университетінің фортепиано оқытушысы Елена Цветцих сүйемелдеп отырды.
Орындалған шығармалардың шоқтығы биік. Кештің бірінші бөлігінде Генрих Гейннің өлеңіне жазылған Роберт Шуманның «Ақынның махаббаты» ән циклі шырқалды. Шығармада ақын өзінің жауапсыз махаббаты туралы жыр еткен. Евгений Чайников әнді нақышына келтіре әуелетіп, қимыл-қозғалыстармен ғашық жігіттің мұңды көңіл-күйін де жеткізе білді.
Концерттің екінші бөлімінде Людвиг Ван Бетховеннің «Алыстағы сүйіктіме» шығармасы орындалды.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ.