Қызметкерді балағаттаған шенеунік жұмыстан кетті
Рудный қаласы әкімінің орынбасары Әнуар Есқатов әкімдіктегі даудан соң өз еркімен қызметін тапсырды.
Ол лауазымын пайдаланып, әкімдік ғимаратының комендантын көпшіліктің көзінше балағаттаған. Сондағысы, артқы есіктің жабық тұрғаны үшін ашуланып, қызметкерді ауыр сөздің астына алыпты. Ар-намысы тапталған комендант тиісті мекемелерге шағымданған еді. Этика жөніндегі кеңес өкілдері қала әкіміне оны жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасады. Кейін орынбасардың қызметтен кететіні туралы ақпарат жария болды.
«Құрметті достар, басқа жұмысқа ауысуыма байланысты бүгін қзыметімнен кетемін. Әріптестеріме алғыс білдіремін. 2015 жылдан бастап бұл жерден зор тәжірибе жинадым. Қала басшылығына да қолдау көрсетіп келгені үшін рахмет айтамын», – деп жазды Есқатов әкімдіктің Instagram-парақшасында.
Әнуар Есқатовтың енді қандай қызметке орналасатыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ, оның орнына кімнің тағайындалатыны да беймәлім. Ол 2017 жылдан бастап қала әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен.