Елордадан жеңіспен оралды
Өңірімізге танымал «Алтынай» халықтық-үлгілі би ансамблі Астана қаласында өткен халықаралық DANCE HEROES хореография байқауынан абыроймен келді. Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан сайысқа «Алтынай» алғаш рет қатысып отыр. Ансамбль жетекшісі Салтанат Нұрымова бұл жолғы байқаудың өте тартысты өткенін айтады. Ал қазылар алқасының құрамы да еліміз бен шетелдерге танымал сыншылар болыпты.Қазақстанның барлық өңірлерінен, қалалардан 8 категория бойынша би ұжымдары қатысқан екен. Әр блокта 28, 34, 48 командадан. Олардың әрқайсысы төрт жанр бойынша шығармалар орындайды.
Таңғы сегізде басталған байқау түнгі он бірде бір-ақ аяқталған. «Алтынай» қаздарының қоржынында сегіз жүлделі орын болса, оның біреуі – гран-при.Қатысушылар арасынан бірде-бір орын иелене алмай қайтқан облыстар бар екен.
– Қатысушылардың ешқайсысы осал емес. Қазылар Бізден 52 қыз бала үш топ болып барып келіп отырмыз және барлық ұжымымыз жүлдесіз қайтқан жоқпыз. Бір ғана кіші топтың өзінде 43 команда бас сынасты. Біздің кіші тобымыз өз қатарластары арасынан «Бүлдіршіндер» және «Веселые разминки» билерімен бірінші және екінші орындар иеленді. Орта топтағы қыздарым ұйғыр биімен екінші, ал заманауи би бойынша үшінші орыннан көрініп отыр. Ал ересек тобымыз «Сиқырлы сандық» биімен бас жүлде, қазақ, испан, заманауи билерінен бірінші орын және екі екінші орын иеленді. Конкурстан үлкен абыроймен қайтып келе жатырмыз. Бұл қыздарымды одан әрі шабыттандыра түседі әрі келешектегі дайындығымызға зор әсер етеді, – деді қуанышымен бөліскен «Алтынай» халықтық-үлгілі би ансамблінің жетекшісі.
Алдағы уақытта төрешілердің таңдап алуымен республика бойынша үздік шыққан ұжымдар Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей қатарлы алыс-жақын мемлекеттерде өтетін байқауларға іріктеліп алынбақшы екен. Салтанат Нұрымова өз шәкірттерінің шетелдерде өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатып келетініне сенімді.
«Алтынай» халықтық-үлгілі хореографиялық ансамблінің құрылғанына жиырма жылға аяқ басты. Аз жыл ішінде шыққан биігі аз емес. Қазіргі таңда ұжымның репертуарында 50-ден астам шығармалары бар.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.