Тасқын суға тосқауыл әзір
Рудныйда арнайы жасақталған мамандардың қатысуымен «Көктем-2019» командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы өтті. Екі күн бойы жауапты қызмет өкілдері өздерінің көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді.
Жаттығулардың бірі Тобыл өзеніне жақын жерде ұйымдастырылды. Аңыз бойынша Парк көшесін су басып, үлкен көлік апаты орын алған. Оқиға орнына жеткен «Рудный су арнасы» серіктестігінің арнайы машинасы суды сорғымен айдар, төтенше жағдайдың салдарын жойды. Ал өрт сөндірушілер жасағы көліктегі отты ауыздықтап, зардап шеккен адамды алып шығып жедел жәрдем қызметіне тапсырды. Осылайша, тапсырманы ойдағыдай орындаған құтқарушылар кез келген жағдайға дайын екендіктерін көрсетті.
Айта кетейік, бүгінде «ССКӨБ» АҚ инженерлік жасағы, «Рудный су арнасы» ЖШС, «Жылу желілері» ЖШС, шұғыл әрекет жасағы, ІІБ, «Қазақтелеком» АҚ, газ қызметі, жедел жәрдем, ЭПК «Атика» ЖШС бір жасаққа біріктірілген. Төтенше жағдайлар кезінде олардың барлығы да жұмылдырылмақ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ