«Отбасылық дәрігердің бәрі педаитр емес»
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Астана» медалінің иегері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Көпей МАЛШЫБАЕВА қоғамда әлі де белсенді. Айтар ойы көп.
Арман алдамайды
Көпей Әбдірахманқызы Қостанайда өсті, мектеп бітірді. Ата-ананың кенжесі еді. Бала күнінен дәрігер болуды армандады. Алайда ұстаздары шығарманы жақсы жазатындықтан, журналист болуға үгіттеген екен.
– Сол кезде Алматы медициналық институтына емтихан тапсырып, алты жыл педиатр мамандығын оқып, елге қайтып келдім. Көбі өте алмай емдеу ісіне беріп жатты. Мен мақсатым айқын еді – бірден педиатрия факультетіне бердім. 1965 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, елге келіп, алғашқы еңбек жолымды бастадым. Екі жылдай ауданда еңбек еттім, кейін облыстық ауруханада істедім. Ол кезде барлығы бір жерде болды. 1988 жылға дейін бөлімше болып, кейін КЖБИ-да бөлек аурухана салынды. 1974 жылы қалалық ауруханаға бас дәрігердің орынбары қызметіне ауыстым. Жеті жылдан соң зейнеткерлікке шыққанша бас дәрігер қызметін атқардым.
«Дәрігерлер де қателеседі»
Көпей Әбдрахманқызы жұмыстан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып келеді. Медицина саласында талай көкейтесті мәселелерді көтерді:
– 1997 жылы өңірімізде Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы құрылғанда, мен құрамында болдым. Оның сыртында облыс әкімі жанынан құрылған әйелдер ісі және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның құрамына ендім. Жалпы, мен қазір біраз жасқа келсем де, қарап отырмаймын. Жаңа сіз келгенше қаншама адамдар хабарласып, ақыл-кеңес, көмек сұрап жатыр. Солардың бәріне көмектесуге даярмын. Бала дәрігері деген біреуге қамқор болғысы келіп, жаны ашып тұрады. Алты жыл оқығанда қанды да, хәл үстінде жатқан ауруды да, өлімді де көп көрдік ғой. Оны үйретпесе де, бойымызға сіңген сияқты. Педиатр – ерекше халық, менің түсінігімде ақ халатты жандар басқаша болады өмірде. Арасында бар шығар. Дәрігерлер де қателеседі. Өйткені Құдай емес. Бұрынырақта жұмыс бабымен Қарабалық ауданына бардық. Ауруханада бір қыз бала хәл үстінде жатыр, іші кеуіп кеткен. Оған гепатит деген диагноз қойыпты. Сол жерде дереу Алексей Танко деген (менімен бірге барған) хирургті шақыртып, соқырішек екенін анықтадық. Сөйтсек, ішек үш жеті бұрын жарылып, ішінде ісік қатып тұр. Содан Қостанайға әкеліп, үш ай емдеп, жаздық. Ол уақытта аудан, ауылдардан қатты науқас балалар жиі келетін-ді. Сонда түнгі кезекке түскенде, «бүгін бала қайтыс болып кетпесе екен» деп түні бойы тілеп шығатынмын. Өйткені адамның өмірі – үлкен жауапкершілік. Дәрігерлер басқа мамандарға қарағанда 36 сағат жұмыс істейді. Қазірде де солай, – дейді Көпей Әбдірахманқызы.
Бүгінде кейіпкеріміз жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп, одан төрт немере, екі шөбере сүйіп отыр.
– Менің айтарым, егер бала ақылды болса, анасыз да жақсы өседі. Ақылсыз болса, оны алтынмен аптасаң да болмайды. Өзіміз балаларымызды таңертең балабақшаға кіргізіп жіберіп, кешке бір-ақ алатынбыз. Біреуін жас жарымнан, екіншісін тоғыз айынан апардым. Ол кезде жұмыс істеу керек. Демалыс жоқ. Мен кезекшілікте, балаларды кешке күйеуім әкетеді. Солай өсті. Сол балаларымыз бақытымызға қарай жақсы азамат болып өсті. Қанымен келген тегі бар, ата-анасының үлгісі шығар деп ойлаймын. Мен қазір әке-шешесіне қарамаған балалар болса, ондай ұрпақты баққаныма өкінер едім деп айтамын», – дейді Көпей Әбдірахманқызы.
– Қатаңсыз ба?
Қатаңмын. Қатаң болғанда да, бәрі жөнімен, ретімен. Өмірі балаларымды бетінен сүйіп-иіскеп, құшақтап көрген емеспін. Тек ішімнен. Әкем марқұм бетімізден ғана иіскейтін-ді.
– Бала күніңізде қандай болдыңыз?
Бала күнімде өте жақсы оқыдым. Белсенді, комсомол ұйымдастырушы болдым. Бірге оқыған сыныптастарыммен әлі күнге дейін кездесіп тұрамыз. Жақында жасы 84-ке келген бір сыныптасым айтады: «есіңде ме, сен бізді ұйымдастырып анда-мында апаратын едің ғой» деп. Инсититутта да солай болдым. Оны бітіргелі 57 жыл болды. Бірге оқығандар еліміздің әр жерінде, сегіз-тоғыз қыз жыл сайын жиналамыз.
Педиатрия саласында қазір не жетіспейді?
– Осы саланың әбден маманы болғандықтан, елдегі жағдайға елеңдеп отырамыз. Өткізіп жатқан реформа дұрыс емес. Медицинамыз 1979 жылы басқа елдердің алдында болдық, біздің тәжірибемізге көпке үлгі еді. Бүкіл шалғайдағы ауыл-аймақтарда ФАП-тар жұмыс істеді. Әр совхозда типтік аурухана болды. Қазір соның бәрі құрыды. Осыдан он жыл бұрын педиатрия факультетін жауып тастады ғой. Сол үшін қаншама қырғын болды. Бұрын мен жұмыс істеген аурухана бес жүз адамы бар үлкен холдинг еді. Қазір бір-ақ стационар, бытыратып бөліп жіберді. Осының бәрін көріп отыру – маған ауыр.
Қазір үлкен аурулармен бір есіктен кіреді. Балалар өлімі, аналар өлімі көбейді. Басшылардың бәріне де айтамын. Осының бәрі реформаның дұрыс жүргізілмегендігінен. Бүгінгі минитср кемшілікті дұрыстаймын деп жатыр. Үш жыл бұрын қалалық балалар емханасы мен облыстық балалар аурухана біріктірілді. Енді облыс босқа қалды. Аудандарға барып көріңізші, дым да жоқ? Бәрін ақылы қылып жіберді. Олар бір қарайды, болды, ақшасын төлейді, кетеді. Ал бұрын ауру баланы тауып алса, есепке қоятын да, құлан-таза айыққанша дәрігердің бақылауында болатын. Қазір әркім өзінше.
Блиц-сауал:
– Бала күніңіздегі арманыңыз не еді?
– Әке-шешем өте керемет адамдар еді. Арманым сол ата-аналарымның көңілінен шығу еді.Сол арманымды орындадым. Екеуін де өз қолымнан жөнелттім.
– Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз?
– Бала дәрігері болу еді.
– Қандай сәтте көзіңізден жас шығады?
– Біреудің қайғысын бөліскенде. Өте көңілшекпін. Біреудің қайғысына шыдай алмай, көз жасыма ерік беремін. Жетім балаларды көргенде жүрегім езіліп тұрады. Балалар үйінде көп істедім. Соларды көргенде көңілім босап кетеді. Туыстарымды көргенде жылап жіберемін. Өмірде былай жыламаймын.
– Демалыс күндері оқитын кітап неме көретін фильм жайында кеңес беріңізші (неге осы туындылар?).
Театрға барамын. Кешке газет оқимын. Онегинді, Абайды, Айтматовты қайта оқыдым.
– Өмірдің мәні неде?
– Адам боп келдім өмірге, Адам боп өту – тілегім!