«Қазақ тілі туған тілімдей»

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Анель Пимичеваның есімі Қостанай жұртшылығына таныс. Ол Қостанайдағы №20 Мәриям Хәкімжанова атындағы  жалпы білім беретін мектепті тәмамдаған. Бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетінің студенті. Студент болса да, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қоғамдық және волонтерлік қызметі, ұлтаралық келісімді нығайтуға, мемлекеттік тілді үйрену және насихаттауға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасын иеленді. Оқуда озат, қоғамда белсенді Анелдің мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары. Қазақша поэзия оқып, көркем әдебиетті жанындай сүйетін Анель «Қостанай таңы» тілшісіне сұхбат беріп, ана тілімізді қалай меңгергенін айтып берді.
19 жастағы Анель Пимичева қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі. Оқудың сыртында, түрлі қоғамдық шараларға, акцияларға  белсене қатысып жүреді. Ән айтады, іс-шараларда жүргізуші. Алайда, қазақ тілін жетік білгені Анелдің өмірлік мамандығын табуына және халыққа танылуына ықпал етті.
«Мен Қостанай қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ұлтым орыс. Үйдің жалғызымын. Негізі қазақ мектебіне оқуға болашақта қажеті болады деген ниетпен атам берген екен. Басында қиын болды. Нағашы атам үшінші сыныпқа дейін оқытты, кейін өзім меңгеріп кеттім. Бірақ, грамматикадан ақсап жататынмын. 4-5 сыныпқа жеткенде өзімді шыңдап, қосымша оқи бастадым. Өз бетімше іздендім. Күн сайын сөздік қорымды толықтырып отыруға тырыстым. Он бірінші сыныпты бітірген кезде басқа сабақтардан беске тапсырып, жалғыз орыс тілінен төрт деген бағамен аяқтадым. Сөйтіп, аттестатта жалғыз төрт бар. Бала кездегі мен үшін ең үлкен мотиватор – баға десем болады. Қазақстан тарихы, қазақ тілі пәндерінен түрлі олимпиада, ғылыми жұмыстарға қатысып, жүлделі орындарға иеленіп жүрдім. Тіпті, республикалық олимпиаданың жеңімпазы да атандым. Бұл, бір жағы мені қамшылап, қанаттандырған тәрізді. Бірақ, бізді орта тәрбиеледі. Сыныптастарыммен өзара қазақша сөйлесетінбіз. Осылайша, қазақ мектебінде білім алып, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін дәрежеге жеттім. Шыны керек, тіл білгеннің арқасында қатардан қалған жоқпыз. Егер біз араласатын орта болмағанда, тіл үйрену қиынға соғар ма еді?!", – дейді Анель ағынан жарылып.
Кейіпкеріміз қазір екі тілді жетік білгенімен танылуда. Ол қазір А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетінің тарих мамандығының 3 курсында оқып жүр. Үлкен сахналарда «Туған жер», «Қазағым-ай» деген патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, жұртшылықтың қолдауына ие болуда.
«Грантта оқып жүрмін. Оның сыртында жақсы оқып, Президенттік степендия иегері атандым. Оқушы кезімде өте белсенді болатынмын. Мәнерлеп өлең оқу сайыстарына, түрлі олимпиада, конференцияларға жиі қатысатын едім. Осылайша көптің көзіне түстім. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін», – дейді ол.
Анель Витальевна қазақтың топырағын басып, ауасын жұтқан әрбір жан қазақ тілін білуі керек деп есептейді.  
«Анам мен сияқты сөйлей алмаса да, екеуара қазақ тілінде әңгімелесіз. Яғни, күнделікті тұрмыста да қазақ тілін қолданамын. Қай тіл болса да, жетік меңгерсең ешқандай артықтығы жоқ. Қайта бірнеше тілді меңгерген сайын, сенің қаншалықты рухани бай екеніңді көрсетеді. Маңыздылығы жағын айтар болсам, мен үшін әртүрлі форумдарға қатысқанда, түрлі саланың мамандарымен кездескен кезде басқаларға қарағанда бір саты жоғары тұратыныңды сезесің. Жалпы менің ойымша, адам қай елде тұрады, сол елдің тілін білуі парыз деп есептеймін. Сол жердің адамдарына деген құрметтің бір белгісі сияқты. Себебі, мен Қазақстаннан көшіп кетуді ойлаған емеспін. Осы елде тұрамын, осы елдің дамуына үлес қосамын. Ал қазақ тілі менің туған тілімдей. Қазақстанда тұрған соң ана тілін де құрметтеу керек деп ойлаймын. Мектепте қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы ең сүйікті пәндерім болатын, қазақ поэзиясын сүйіп оқимын», – дейді Анель.
Кейіпкеріміз қазір өзімнің қатарластарымның арасында мемлекеттік тіл үшін алаңдайтын жастар көбейіп келетінін айтады. Тілді білуге деген қызығушылық артуда. Түрлі жобалардың қатысушысы ретінде, көп тіл білгеннің артықтығы жоқ деп есептейді.
 
Шұға Қоңқабаева

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓