Қазақ өнерінің серкесі екі күнге созылған өнер додасының үздік «төрттігі» анықталды
Екі күнге созылған Қазақ КСР Халық әртісі, театр мен киноның аса көрнекті актері Сералы Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «SERALY Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер фестиваль-байқауының қорытындысы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті. Өнер сүйер қауым С.Қожамқұлов мұражайынан көрмені тамашалай алды.
Сералы Қожамқұлов – қазақ театр өнерінің бастауында тұрған әйгілі тұлға, сахна саңлағы, ұлт киносының жарық жұлдызы, мақтаныш тұтар даңқты жерлесіміз. Өнер майталманының мерейтойына орай биыл ел бойынша көптеген түрлі іс-шара өтті. Осының барлығының лайықты қорытындысы осы кинофестиваль болып отыр. Тобыл өңірінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан фестивальге Серке Қожамқұловтың туған қызы «П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі» аға оқытушысы, П.Чайковский атындағы Орта Азия халықаралық байқауының лауреаты Қожамқұлова Марьям Сералықызы арнайы келіп, төрімізге шықты. Әкесінің есімі дәріптеліп, құрмет көрсетіліп жатқанына шексіз риза.
Бірегей байқауға өтінім қабылдау 2021 жылғы тамыз айында басталып, желтоқсанға дейін жалғасқан болатын. Бағы мен бабын сынап көруге ниет еткен үміткерлер аз болған жоқ. Қазақстанның әр түкпірінен 40 қатысушының материалы қабылданыпты. Алайда, байқау шарты бойынша олардың ішінен 4 номинация бойынша ғана жеңімпаздар анықталды. Олардың еңбегін бағалау үшін қазылар алқасы құрылып, әр жұмысты жіті зерттеген. Айтар ойы мен көрерменге берері мол туындыны анықтау оңай емесі белгілі.
Қазылар алқасының төрағасы, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драмалық театрының директоры, театр және кино актері – Сәкен Досхан Сәкенұлы, Наргиз Тамабекқызы – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі және Мәдина Әлімқан— продюсер, 20-дан астам фильмнің режиссері. Өкінішке орай, бүгінгі қорытынды шараға ол кісі келе алмады.
Қазақ өнерінің серкесі атанған Сералы Қожамқұлов атамыз Тобыл-Торғай жұртының ғана емес, тұтас қазақ ұлтының маңдайына біткен дарыны. Оның соңынан әлі де талай ізбасарлары түлеп ұшарына күмән келтірмейміз. Қысқа мертажды көркемфильмге үлкен жүрегін салған үміткерлердің арасынан үздік шыққан "төрттікті" қазылар алқасы анықтады.
Сонымен «SERALY Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер байқауында
"Үздік оператор" номинациясында Шымкент қаласынан Фырхат Саипов;
"Үздік режиссер" номинациясында Қостанай қаласынан Есбол Жатқанов;
«Үздік сценарист» номинациясында Нұр-Сұлтан қаласынан Жарқын Тілеухор;
Ал байқаудың соңғы әрі басты "Үздік фильм" номинациясын алматылық Рүстем Дастанұлы «Минус 5» 7 минуттық қысқаметражды фильмімен жеңіп алды.
– Бүгін былтырдан бері ойға алған шараның нәтижесіне жетіп отырмыз. Фестивальдің басты мақсаты Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қабан Бадыров, Әнуар Боранбаев сынды өнер тарландары дүниеге келген жерде жаңа есімдерді танытып, ынталандыру еді. Сол мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Үздіктер өзінің ерекшелігімен дараланды. Бұл бастама әрі қарай жалғасын табуы керек деп есептеймін. Осы кешке арнайы келген Мәриям Серәліқызына ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
– Бүгін екі той қатарласып отыр. Біріншіден әкемнің туған күні болса, екіншіден Жезқазған театрына әкемнің атының берілгеніне 40 жыл. Сонымен қатар театрдың құрылғанына 91 жыл. Осындай үш той папамның жерінде аталып өтіп жатыр. Сіздерге алғысым шесіз, – деді кештің қадірлі қонағы Серке Қожамқұловтың туған қызы Мариям Сералықызы апамыз.
Жас дарындарға жол ашуды, қабілетті жандардың қанаты астынан дем беруді мақсат еткен жоба осындай қуанышты сәтпен аяқталды. "Алға басудың басты құпиясы – алғашқы қадам жасау" демекші, осы байқауда бағын сынаған, арманына бір табан жақындаған әр қатысушыны жеңімпаз деп білеміз.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.