Маңдай тердің өтеуі
Қостанай облысында майлы дақылдарды ору жұмыстары бірер күн бұрын ғана толығымен аяқталды.
Өңірде майлы дақылдар егілген алқаптың жалпы аумағы – 784 100 гектар. Оның басым бөлігіне зығыр дәні сіңірілген. Яғни 293 700 гектардан биыл 176 мың тоннадан астам өнім алыныпты. Бұдан кейінгі кезекте сафлор тұр, ал көлемі жағынан үшінші орын күнбағысқа тиесілі. Майлы дақылдар баптаудан Федоров, Қарабалық және Меңдіқара аудандарының шаруалары алдарына жан салмай келеді.
«Диқандар күнбағыс оруды соңына қалдырды. Бұл дақыл 158 600 гектарға егілген еді. Осынша көлемді танаптан 148 600 тонна өнім жиналды. Өңірдегі майлы дақылға деген сұраныс екі есе қамтылған, сондықтан шаруалар өнімнің жартысын көрші облыстарға экспорттайды», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары.
Айта кету керек, Тобыл өңірінен күнбағыс шикізат болып қана емес, май түрінде де экспортталады. Қостанайдың сафлоры мен зығыры Еуропа елдеріне, Ресей мен Қытайға жөнелтіледі.