5 жасар қызды іздеуге 500-ден астам адам жұмылдырылды
Кеше Қостанай қаласы маңындағы Жамбыл ауылында із-түссіз жоғалып кеткен бүлдіршінді іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.Үйде ата-анасыз қалған кішкентай қыздың қасында 18 және 13 жастағы әпкелері болған. Алайда олар таңертең оянғанда сіңлісін таба алмаған. Болған жағдай туралы полицияға қыздың анасы хабарлапты.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция, ТЖМ қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен еріктілер – ұзын саны 500-ден асатын адам 5 жасар қызды іздестіруге кірісті. Олардың қатарына психологиялық денсаулық саласындағы ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейтін психологтар да қосылған.«Сондай-ақ, 4 дрон және 4 арнайы техника қолданылып жатыр. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар да белсенді көмектесу үстінде. Олар қосымша 8 автокөлік және 60 адам бөлді. Кешеден бері ауылдың барлық ауласы, тас жолдар бойы, шаруа қожалықтарының аумақтары, егістіктер, жыралар тексерілді. Патрульдер мен қайықтар Тобыл өзенінің бойын дамылсыз сүзіп жүр», – дейді департаменттегілер.
Айта кетейік, қызды кеше таңғы сағат 9:00 шамасында көрген куәгерлер бар. Олардың сипаттамалары бейнебақылау камераларының жазбаларымен сәйкеседі.
Өкінішке қарай, әзірге еш нәтиже жоқ.