ЕҢБЕКТІҢ НАНЫ ТӘТТІ
Ауыл шаруашылығы – мемлекет экономикасын дамытудағы жетекші сала. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сала мамандарының төккен маңдай тері өлшеусіз. Шаруалардың жанқиярлық еңбегінің, кәсіби шеберліктерінің арқасында облыс агроөнеркәсіптік кешені тұрақты түрде дамып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өңірде елеулі ізі бар сондай ірі компания – "Олжа-агро" холдингі.
Холдингтің еншісінде 960 мың гектар алқап бар. Оның 660 мың гектары – егістік жерлер. 300 мың гектары – жайылым. Биыл "Олжа-Агро" ЖШС егін жинауда рекордт көрсетті. Мұндай мол астық 2011 жылдан бері болмаған. Компания әр гектардан орта есеппен 21 центнерден өнім жинады. Әсіресе, холдингтің құрамына кіретін бес шаруашылықта егін бітік шықты. Мәселен, "Олжа-Беляевка" ЖШС бір гектардан 28 центнерден астық бастырды. Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің мерекесінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің айтуынша, облыс бойынша жиналған астықтың үштен бір бөлігі олжалық шаруалардың еңбегінің жемісі. Компания 320,5 мың тонна бидай және 107,7 тонна майлы дақылды шашпай-төкпей қамбаға құйып алған.


Кәсіпорын егістіктің ширек бөлігіне майлы дақылдар егеді. Жыл сайын оның көлемі ұлғайтып келеді. Мол өнім алудың тағы бір кепілі – холдингке қарасты өндірістік кешендер агрономияда үнемі жаңа технологияларды қолданады. Холдингте тұқымдық сортты жаңарту жүйесі қолға алынған. Егіс танаптарына кез келген сорттың тек бірінші, екінші және үшінші репродукциялары ғана себіледі. Сортты ауыстыру жұмысы жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде "Олжа Агроның" жылдық өнімділігі облыстағы орташа көрсеткіштен жоғары. Мұндай мол өнімге туған жеріне, кіші отанына деген үлкен сүйіспеншіліксіз қол жеткізу мүмкін емес.

-Біз мұнымен тоқтамаймыз. Өңірді сапалы азық-түлікпен қаматамасыз етіп, компанияның экспорттық әлеуетін арттыру – біздің ең басты міндетіміз. Келесі жылдан бастап жасымық, сұлы дақылдарын өңдейтін боламыз. Алтынсарин, Федоров аудандарында екі сүт-тауарлы фермасын ашуды көздеп отырмыз. 2024 жылы дәл осындай кешенді Сарыкөл мен Ұзынкөл аудандарында іске қосамыз. Менің арманым – компания құрамындағы әр өндірістік кешенде бір-бір сүт фермасын ашу. Сонда қарапайым ауыл адамдарына жыл он екі ай бойы жұмыс табылары еді. Әрі май, қаймақ, ірімшік, йогурт тәрізді тағамдар дастарханымыздан үзілмейді. Экспорт та ұлғаяды, – дейді "Олжа-агро" холдингтік компаниясының Бас директоры Айдарбек Ходжаназаров.
Кәнігі механизатор Серік Сынабаев "Олжа-Ряжское" серіктестігінде он екі жылдан бері жұмыс істейді. Ол Ұзынкөл ауданындағы мақтаулы мамандардың бірі. Биыл ол өзіне тапсырылған міндетті артығымкен орындады.
-Көптен бері мұндай мол астықты көрген жоқпын. Біз әр гектардан 20 центнерден өнім алдық. Өз басым екі айдың ішінде 3000 мың тонна бидай бастырдым. Егін орағы біткен соң күнбағыс жинауға кірістік. Қазір қысқы маусымда тракторларымызды жөндеп, келесі науқанға дайындықты бастаймыз, – дейді озат механизатор.
Ұжымда Серіктің жанкешті еңбегі лайықты бағаланып, салтанатты шара үстінде ол омырауына "Ауыл шаруашылығының үздік қызметкері" төсбелгісін тақты.

Мереке күні Серік тәрізді марапатқа ие болған мқтаулы мамандар аз болған жоқ. Мәселен, "Олжа-Агро" холдингіне қарасты шаруашылықтардың дамуына сүбелі үлес қосқан он адам облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың арасында "Олжа-Пешковское" кәсіпорны директорының орынбасары Владимир Сергеенко, "Олжа-Беляев" кәсіпорнының асхана меңгерушісі Бақыткүл Нұржанова, "Олжа-Садчиков" кәсіпорнының тракторшы-машинисі Айтжан Тоқбаев, "Олжа-Арыстан" холдингіне қарасты "Крылов" өндірістік кооперативінің қырман меңгерушісі Анна Литвинова, "Қостанай агромеханикалық зауытының электр-газбен дәнекерлеушісі Рустам Лаиков, "Олжа-Алтын Инвестке" қарасты "Баннов" өндірістік кооперативінің қырман жұмысшысы Светлана Ткач, "Олжа-Боровское" кәсіпорнының жүргізушісі Нұрлан Дүйсенов, "Ожа-Аққұдық" кәсіпорнының агрономы Ұлтусын Бекбергенова, "Олжа-Ряжское" өндірістік кәсіпорнының тракторшысы Михайл Похода, осы кәсіпорынның тракторшысы Бекжан Әлімбаевтар бар. Сондай-ақ, жетпіс бір адам "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі", отыз жеті адамға "Ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер" төсбелгісі табысталды. Мұның сыртында он екі ұжым "Үздік бригада" атағын иеленді.


-Біздің шаруашылықта 236 адам еңбек етеді. Бәрі өз ісіне жетік. Соның арқасында кооперативте еңбек өнімділігі бірнеше есе артты. Үстіміздегі жылы бұрын-соңды болмаған өнім алдық. Бұл шаруашылықтың табысын еселей түсері даусыз. Машина-трактор паркін жаңалап алуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы біз төрт "Ловол" маркалы трактор, бірнеше "Уаз" автолкөлігін, тырмалауыштар, егін сепкіш кешендер сатып алдық. Мал шаруашылығында да жетістігіміз аз емес. Кәсіпорын ауылдағы зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға үнемі көмектесіп, жем-суын, отынын тегін түсіріп береді. Оның сыртында жергілікті білім ошағын шефтік қамқорлығымызға алдық. Биылдан бастап 111 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйғардық, – дейді "Олжа-Беляев" ЖШС-іне қарасты "Докучаев" өндірістік кооперативтің директоры Мұхтар Құлтасов.



Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.