Анам болса, келмей ме, баласын бір көрмей ме?
Арқалықтық 31 жастағы Ермек Садықов туған анасын бір көруді армандаумен келеді. Шарқ ұрып іздегенімен, әзірге нәтиже шығар емес.

Ермек 1990 жылы Арқалық қаласының перзентханасында дүниеге келген. Бірақ одан ата-анасы белгісіз себептермен бас тартса керек. Балалар үйіне түскен нәрестені Нұрлан-Қарлыға Садықовтар асырап алған. Бұл отбасы жетімдер үйінің он баласын бауырына басқан жанұя ретінде өңірге белгілі.
«Мені 1991 жылы асырап алды. Өздері екі ұлдан кейін балалар үйінен екі қыз алуға барады. Балалар үйінде жастан аспаған 6 қыз, 4 ұл жатыр екен. Меңгеруші барлығын алып кетуді ұсынады. Осылайша, отбасыда 12 бала болып өстік», – дейді Ермек.

«Анаммен кездессем, көп нәрсе білгім келеді. 90 жылдары қиын заман болғанын да түсінемін, жағдайы болмаған шығар. Анама тек аман-есен дүниеге әкелгені үшін рахмет айтқым келеді. Еш ренішім жоқ, керісінше, көмек көрсеткім келеді. Қандай жағдайда екенін білгім келеді, – дейді Ермек Садықов.
Таяуда Jibek Joly телеарнасының «Ел» бағдарламасына барып, осы арманын көппен бөліскен. Арна тілшілері арнайы Арқалыққа барып, ол дүниеге келген перзентхананың архивтерін ақтарып көріпті. Бір жапырақ қағаз табылған. Онда Мұрат-Айгүл Бекболатовтар есімі көрсетілген екен. Бірақ бұдан да пайда шамалы болып тұр.
«Бағдарлама барысында ата-анам аттас адамның ДНҚ-сараптамасы жария етілді. Ол кісіден биологиялық туыстық нышаны табылмады. Дегенмен үмітімді үзбеймін. Бәлкім, сіздердің бір көмектеріңіз тиіп қалар. Арна тілшілері де іздеуді жалғастырып жатыр», – дейді Ермек.
