Көп күттірген қуаныш
ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанай қаласының Юбилейный шағын ауданында 1200 орынға шақталған жаңа орта мектеп ашылды. Салтанатты рәсімге Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Осы туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Біз жаңа заманауи Юбилейный шағын ауданында тұратынымызға қуаныштымыз. Лайықты өмір сүру үшін бұнда барлық қажетті инфрақұрылым бар. Менің отбасым «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы осы ауданнан пәтер сатып алған болатын. Бірақ балалар №115 орта мектепте оқыды. Ал енді өзінің масштабымен және сәулетімен ерекшеленетін мектеп пайда болды. Балаларымыздың барлық жағдай жасалған әдемі, қазіргі заманғы мектепте оқитынына разымыз», – дейді Мәншүк Алғашбаева қуанышымен бөлісіп.
Шынымен де, жаңа мектеп өзінің көлемімен және жабдықталуымен ерекше. Мектептің алты оқу блогының ауқымы – 18 мың шаршы метр. Іші қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жабдықталған. Сапалы білім беру үдерісі үшін жайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалған. Мектепте уақытша денсаулығы нашарлаған, тірек-қимыл жүйелері бұзылған балаларға инклюзивті білім беру мүмкіндіктері қарастырылған. Аулада ойынауға және тыныш демалуға арналған ашық алаңдар бар. Аумағында жеміс-жидек, гүл, көкөніс дақылдарын отырғызу жоспарда бар. Сондай-ақ мектеп жанынан селекциялық жұмыстармен айналысатын бөлімдері бар оқу-тәжірибелік аймақ қарастырылған.
Ғимарат жоғары сапалы құрылыс материалдарымен салынған, сонымен қатар сапалы материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Мектеп құрылысына және жабдықтауға 95% отандық өнімдер пайдаланылды. Құрылыс барысында 189 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда 76 педагог және 28 техникалық персонал қызметкерлері үшін 100-ге жуық жұмыс орны құрылды.
Мектеп 18 мыңға жуық адам, оның ішінде 1700 бала тұратын Юбилейный және Алтын Арман шағын аудандарының сәулетіне сәйкес келеді. Қазірдің өзінде ата-аналар тарапынан балаларын мектепке қабылдау жөнінде 800-ден астам өтініш келіп түскен. Оқушылар үшін білім беру процесі 3-тоқсаннан басталатынын айта кету керек.
Қуанышты жаңалықтар легі мұнымен аяқталмайды. Болашақта шағын аудандардың ең жас тұрғындары үшін 280 орындық балабақша салынады, сондай-ақ жақын маңда ірге көтеріп жатқан Береке шағын ауданында да жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында мемлекеттік тілде білім беретін 320 орындық мектеп ашылған болатын Сондай-ақ Қарасу ауданының орталығында мемлекеттік тілде білім беретін, 320 орынға шақталған мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Осы жылы облыс орталығында 3,5 млрд теңгеге 25 білім беру нысаны жөнделді. Оның ішінде 3,1 млрд теңгеге 7 мекеме күрделі жөндеуден өткен. 18 объектіде 313 млн теңгеге ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы арқылы білім беру саласының 1,7 мыңға жуық қызметкерінің еш кедергісіз еңбек етуіне, 21,4 мыңнан астам баланы оқыту үшін сапалы жағдай жасалды. Жалпы, 2020 жылы Қостанай облысының 133 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге 11,2 млрд теңге мөлшерінде қаржы бөлінген. Бұл өткен жылғы сомадан 3 есе артық.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев