Автовокзал сауда үйіне айналмақ
Қостанай картасынан жалғыз автовокзал жоғалмақ. Нысанды сатып алған жаңа қожайын оны жабық базарға айналдырғалы отыр.
1984 жылдан бері жұмыс істеп келген көлік терминалы өткен жылы жарнамалық сайт арқылы сатылымға шығарылған еді. Себебі ол пандемия уақытында шығын мен қарызға белшеден батты. Иесі оны сақтап қалу үшін жергілікті билік пен кәсіпкерлерге көмек сұрап жүгінген. Бірақ жанашыр табылмады. Оны қорғау оңай шаруа болмай шықты. Ақырында нысанды сатып жіберу туралы шешім қабылданды. Жаңа қожайын бір жылдан астам уақыттан кейін табылып отыр.
«Сату-сатып алу келісім-шартын жасастық. Жаңа иесінің немен айналысатынын білмеймін. Шынын айтқанда, енді ол жағы маған қызық та емес», – дейді автовокзалдың бұрынғы қожайыны Ботагөз Бопатаева.
Бірақ жаңа иеленуші келесі жылдың жазына дейін мұнда касса орнын сақтауға уәде берген. Яғни автобустар әдеттегіше осы жерден жүреді. Десе де ол қазірден бастап мұнда ықтимал жалға алушыларды шақырып жатыр.
«Бірінші қабатқа азық-түлік сөрелерін орнатып, 2, 3-қабаттарды кеңсе түрінде жалға беру жоспарда бар. Бір қанатынан кафе ашқымыз келеді. Қазір ғимаратта жөндеу жүріп жатыр. Электр желілері нашар. Газ тартылмаған. Көгілдір отынмен жылытуымыз керек», – дейді Ольга Терехова.
Ол осы ғимаратта «Саяхат» аталатын жаңа сауда үйін келесі жылы ашуды көздеп отыр. Ал бұдан кейін елдің әр түкпірінен және көршілес елдерден келетін жолаушылар автобусы қайда келіп тоқтайтыны әзірге белгісіз.