Құлан жортар күн қайда?

Өткен ғасырда елімізде адам қолымен жойылған түз аңдары аз емес. Елуінші жылдарға дейін Тұран жолбарысынан, сексенінші жылдары қабыланнан айырылдық. Ал одан ертерек, отызыншы жылдары сайын даланы еркін кезген құланның жоғалғаны жоғалып, қалғаны жер ауып кетті.
Міне, осы «құйрығы жоқ, жалы жоқ» жануарды қайтара жерсіндіру жұмысы 1953 жылдан бастап қолға алынғанын тарихтан білеміз. Ол кезде көрші Түркіменстанның «Бадхыз» қорығынан Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына небары 14 құлан жеткізіліпті. Тұқым басы 200-ге жеткен кезде енді оларды құрлыққа шығару жұмыстары қолға алынады. 1982-1983 жылдары қазіргі Алтын Емел мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне, кейін Жамбыл облысының «Андасай» және Маңғыстау өңірінің «Ақтау-Бозашы» мемлекеттік қорықтарына жеткізілген саяқты жануардың саны бүгінде төрт мыңға жетіп отыр. Алайда мамандар қазіргі тақтұяқтылар басы даламызда жортқан баяғы құлан санының 1%-не де жетпейді деп отыр! Себебі, олардың көбеюі баяу, айғырға түскеннен бір жылдан кейін барып құлындайды және бір жолы жалғыз төлден табады. Бірақ қазіргі заманда құланның тұқымын жоғалтпай, сақтап қалу мен тұқымын өсірудің жолдары баршылық.IMG_9649Қостанай облысы, соның ішінде Торғай даласы – құлан жерсіндіруге таптырмайтын аймақ. Кезінде осы өңір тақтұяқтылардың үйір-үйірімен жортқан мекені болған. «Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» мемлекеттік қоғамдық бірлестігі ұлттық және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, осы науқанды қолға алған екен. Жанкелдин ауданындағы айрықша қорғауға алынған «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына қарайтын Әліби ауылы маңына биыл 9 құлан арнайы тікұшақпен  жеткізілген. Бұл жөнінде «Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов баяндап берді.
– Қазір 55 гектар жер қоршалып, құландар сонда бейімделу үшін қыстап шығады. Көктемде сыртқа шығарылады. Бұл аумақ түз жануарларын өсіруге өте қолайлы өңір, суы мол, шөбі шүйгін, қыста қары жұқа. Даланы қорғауға резерваттың жүздің сыртындағы қызметкері, ар жағындағы Ырғыз-Торғай резерваты инспекторлары, бер жақтағы Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясына қарайтын Саға, Алтыбай аңшылық шаруашылықтарының иегерлері, табиғатты қорғау полициясы, біздің инспекторлар жан-жақтан жұмылдырылып отыр. Ал саяқты аңдардың мойындарына электронды қарғы тағылып, ол спутник арқылы бақылауға алынған, – деді Ғ.Молдағұлов.    IMG_9668Түз аңдарын әкелу мен өсіру шаралары 2017-2020 жылдар аралығында екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен, келер жылы тағы 16, 2019 жылы да 16 саяқты жануар аймағымызға жеткізілгелі отыр. Құлан өсіруге Торғай даласы бекер таңдалып алынған жоқ. Ол жердегі бұрынғы кеңестік шаруашылықтар ыдырап, халық саны да азайған. Былайша айтқанда, жануарлар дүниесіне өте қолайлы, қауіпсіз мекен. Ал бұл аумақ 2014 жылы Қазақстанда құрылған алғашқы «экологиялық дәліз» аймағы. Шөбі дала тағылары үшін нағыз құнарлы саналады. Мәселен, мамандардың есептеуіне қарағанда, Моңғолияның Ғоби шөлінде әрбір шаршы шақырымға 0,5 құланнан келеді екен. Демек, Торғай жерінің 60 мың шаршы шақырым аумағына 30 мың түз жануары еркін жайыла алады деген сөз. Оның сыртында бұл жер қазір киік ең көп тараған аумақтарының бірі.   
Құлан – табиғи ортада өте төзімді жануар. Сағатына 85 шақырым жылдамдыққа дейін шабады. Ой-шұңқыр, кедір-бұдыр, еңкейіс-өрді қиындықсыз бағындарады, еркін жүзе алады, тебінге мықты. Ірі тұқымдарының салмағы 300 келіден асып жығылады.  
Құланнан бөлек, алдағы уақытта өңірімізге Пржевальский жылқылары әкелінуі мүмкін. Себебі, керқұландар аталатын жылқының бұл жабайы түрі өткен ғасырларда Қазақстан аумағын, соның ішінде Торғай даласын да мекен еткен екен. Ғилымхан Молдағұловтың сөзінше, егер қаржылай қолдау табылып жатса, бәлкім дала дуадақтары да байырғы қонысына қайта әкелінуі мүмкін.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓