Қазақтілді Красиковтар әулеті. Аманкелді ауданын өркендетуге лайықты үлестерін қосып келеді

SAM_8562Өткен ХХ ғасырдың 20-30-ыншы жылдарында Батпаққарада Гордеевтер мен Пареевтер отбасылары өмір сүрді. Гордеевтер – жерді суландырумен, бөгет салумен, елді радиоландырумен, мұғалім-дікпен айналысса, Пареевтар мал дәрі-герлік жұмыстармен және қазақ жастарын техника тілін меңгеруге үйретумен шұғылданды. Аманкелді елі оларды орынды құрмет тұтты. Бүгінде аудан орталығында Гордеев атындағы көше де бар. Өкінішке қарай, нарықтық экономикалық қатынас басталған алғашқы кезде көптеген өзге  орыс отбасыларымен бірге олар да Қостанайдың маңына көшіп кетті.
Әрине, олар Аманкелді жерін қимады. Бірақ, балалары өсіп, ержетіп, қызмет бабымен кеткен соң амалсыздан қоныс ауыстыруға мәжбүр болды. 
Батыр ата атындағы елдің аға ұрпақ өкілдері Гордеевтер мен Пареевтердің әулеттерін әлі күнге сағынышпен еске алып отырады. Жастары қазіргі күні 40 пен 90-ның аралығындағы кісілер, олардың Аманкелді еліне жасаған жақсылықтарын жастарға үлгі етеді. Десе дегендей, Гордеевтерді сыйлаған біздің ел олардың құрметіне "Гордей бөгеті", "Гордей бағы" деген атаулар берсе, Пареевтерден де "Пареевтің шәкірттері" деген ұғым қалыптасты. Тіпті, бір қазақ отбасы Гордей әулетін сыйлағаны соншалық, баласына Гордей деп ат қойған. Ол кісінің өзі қазір 80 жасты төңіректеп жүр. Бүгінде Арқалық қаласында тұрады.
Аманкелді еліне бұлардан кейін келген орыс отбасысы – Сергей Алексеевич Красиковтың шаңырағы болатын. Ол мұнда Ұлы Отан соғысы аяқталған соң 1945 жылы келді. 1912 жылы Ресейдің Воронеж облысында туған Сергей Алексеевич  – Аманкелді ауданының жастарын механизаторлыққа  үйретті.  Аманкелділік   алғашқы қазақ механизаторларының көбі дерлік ол кісіні өздеріне ұстаз тұтты. Әттең, Сергей Алексеевич 1961 жылы 49 жасында Аманкелді селосында дүниеден өтті. Әйелі Анна Дмитриевна одан 5 жас кіші еді.
Олар мұнда келгенде 1940 жылы туған Тамара деген жалғыз қыздары ғана болатын. Одан кейінгі Шура (1947) мен Валентин (1949) және Клавдия (1956) Аманкелді ауданында туды. Күйеуінен жастай қал-ған Анна Дмитриевна төрт баласын өзі жеткізді. Аудан орталығындағы моншада кассир болып жұмыс істеді. Балаларының бәрі көздерін ашқандарынан бастап қазақ балаларымен бірге ойнап, өсті. Қазақ тілін өз ана тіліндей меңгеріп алды. Бүгінде Тамара Молдовада, тұрмыста, зейнеткер. Шура қайтыс болған. Клавдия Ресейдің Мәскеу облысында тұрады. Үшеуі де тұрмыс құрған соң сол жаққа кетуге мәжбүр болды. Туған жерде қалған жалғыз Валентин Сергеевич. "Өсер мал түстес келсін" дегендей оның зайыбы Валентина Дмитриевна 1950 жылы туған. Зейнеткер. Ұлты молдован. Төрт баласы бар. Үлкендері Марина (1975) Астана қаласында, Наталья (1976) мен Виктор (1980) Аманкелді селосында тұрады. Кенжелері Марат болса А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің агрономия факультетінде 3 курсында оқып жүр. Оқуға өз күшімен грантқа түскен. Марина – түрік жігітіне, Наталья – Аманкелді ауданының белгілі ақсақалы, соғыс және еңбек ардагері  Хайролла Бәйділдиннің баласы Абылайға тұрмысқа шықса, ұлдары Виктор – башқұрт қызына үйленген. Яғни, Валентин Сергеевич интернационалды отбасы. Құдаларының бәрі мұсылман қауымынан. Үйленген үш баласынан 12 немере сүйіп отыр. Ұлы Виктор Валентиновичтің 5 баласы бар. Оның үлкен ұлы Артем – Б.Қолдасбаев атындағы орта мектептің орыс сыныбында, ал одан кейінгі 9 жасар Кристинасы – Аманкелді орта мектебінің 3"а" қазақ сыныбында оқиды. Ол оқу озаты. Максим де осы мектептің 1 сыныбында оқып жүр.
Біз Есір ауылында тұратын Валентин Сергеевичтің үйіне барғанымызда ұлдары Виктор ата-анасымен әңгімелесіп тұр екен. Әкесі мен екеуін де әңгімеге тарттық.
SAM_8539– Виктор, тұңғышың Артемді орыс сыныбына беріпсің. Ал Кристинаңды қазақша оқытуға не себеп болды? – дедік.
Виктор біздің жүзімізге ойлана қарап алып:
– Ой, аға, Артемды орыс сыныбына бұ-рынғы қалыппен бердім ғой. Ал Кристина мен Максимімді қазақ мектебіне берген себебім, бұлардың алдағы өмірлері қазақ халқымен тығыз байланысты емес пе?! Қазақ елінде тұрып, қазақ тілін білмесе, қиын болмай ма? Оның үстіне өзім сияқты, балаларым да кішкентайынан бастап қазақтардың арасында өсті. Сондықтан да, Кристина мен Максимімді қазақ мектебіне саналы түрде бердім. Оны айтасыз, кейінгі Слава мен Викториямды да Аманкелді орта мектебіне бермекпін. Мұғалімдер қазірдің өзінде оларды Аманкелді мектебінің тізіміне кіргізіп қойды. Басқа мектепке бермеуімді өтінді. Өзіміздің де таңдауымыз осы мектеп. Өйткені, бұл мектеп біздің үйіміздің жанында орналасқан. Кристинам 1 сыныптан бастап үздік оқып келеді. Ұстаздарына мың да бір рахмет! Олар балаларымды шеттетпей, қазақ балаларымен бірдей көріп, білім-тәрбие беруде. Мен осыған қуанамын. Адам бойындағы жақсы қасиеттер бала кезде қалыптасады. Біздің ауданымызда ұлтқа бөліну деген атымен жоқ. Әсіресе, балалар арасында. Олар бірге ойнап, бірге оқып, бірге өсіп келеді. Мұндай жағдайда өскеннен соң, әрине, олар ынтымақ-бірлікте болады! – дейді Виктор Валентинович.
Виктордың әйелі Гуля Красикова – башқұрт қызы. Қазір үй шаруашылығында. Ал Виктор Валентинович болса – аудандық электр жүйесі мекемесінде монтер болып қызмет етуде. Қашан көрсең де аудан орталығы мен ауылдарды аралап, жұмыс жасап жүргені. Виктор әкесі Валентин Сергеевич секілді қалыпты, біртоға азамат, көп сөзді білмейді. Істеген ісіне мығым. Уәдесіне берік. Отбасына адал.
Біздің бұл мақаланы жазуымызға себепкер болған Б.Қолдасбаев атындағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұхаммед-Әли Әбдіков еді. Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында осы мектепке барған едік. Мектеп директоры Абай Айтмағанбетов екеуі жылы шыраймен қарсы алып, селода тұратын 22 ұлттың балаларымен таныс-тырды. Олардың бәрі орыс сыныптарында оқып жүр екен. Орысша оқыса да бәрі де қазақ тілін жақсы біледі. Екі тілдің қайсысында сөйлессең, олар да сенің сөйлеген тіліңде жауап береді. Сөзден сөз шығып, "Қазақ мектебінде оқитын өзге ұлт балалары бар ма?" деп сұрағанымызда Мұхаммед-Әли тұрып:
SAM_8527– Әрине, бар! Менің жолдасым Виктор Сергеевичтің қызы Кристина Аманкелді орта мектебінің 3 сыныбында оқып жүр. Оқу озаты! – деді.
Содан соң біз Мұхаммед-Әлимен бірге Аманкелді орта мектебіне барып, Кристинамен кездестік. Оның сынып жетекшісі Әсем Бөлтірікқызы  Кристина Нұрғазина туралы жылы лебіз білдірді:
– Менің сыныбымда 17 бала оқиды. Соның 8-і оқу озаты. Үшеуі екпінді. Сол сегіз оқу озатының бірі – Кристина Красикова. Мінезге бай, балалармен тіл табыса біледі. Оқуға ынтасы жоғары. Үздіктердің үздігі деп айтуға болады! – деді Әсем.
Мұнан соң біз Кристинаның өзімен пікір алысқанды жөн көрдік. Мінезі ашық екен. Жүзінен балаға тән тазалық, имандылық нұры еседі. Жымиып күлгені өзіне сондай жарасып тұрды. Әңгімеге тарттық.
– Қазақ сыныбына баруға кімнің ықпалы болды? – деген сұрағымызға:
– Ата-анамның әсері болған шығар. Өзім де қазақ мектебіне барғанды қаладым. Себебі, қазақ балаларымен бірге ойнап өстім, – деді ол.
Красиковтар әулетінің Аманкелді ауданына келгендеріне 2015 жылы 70 жыл толмақ. Осы уақыт ішінде олардың төртінші буыны өсіп келеді. Кристина сол төртінші буынға жататын ұрпақтың бірі. Ол Валентин Сергеевичтің сүйікті немересі.
– Өскенде кім болмақшысың? – деп сұрадық біз одан.
– Ол туралы әлі ойланған жоқпын. Папам мен мамам айтатын шығар. Сол кезде көреміз ғой, – деді Кристина.
Валентин Сергеевич пен Валентина Дмитриевна өмірлеріне риза. Немерелері жақсы өсіп, жетіліп келеді.
– Немерем Кристинаның болашағынан үлкен үміт күтемін! – дейді Валентин Сергеевич.
Ата-әже Красиковтар Жалдама өзенінің жағасына қоныс тепкен. Үйлерінің маңы бау-бақша. Жылда осы жерге картоп, қырыққабат, сәбіз, жуа, қызанақ, қияр, қарбыз және басқа да өнімдер егеді. Ала жаздай бір тыным таппайды. Ерінуді білмейді.  Баубақшасын жандарын салып күтеді. Сондықтан да, олардың бақшасы бітік шығады. Балалары өздеріне әрдайым көмекке келеді. Немерелері де қолқабыстарын жасайды. Оларды көріп Валентин ақсақал мен Валентина әжелері бір жасап қалады.
– Адамның жасы үлкейген сайын өмір тәтті болады екен. Оны тәтті ететін балаларым мен немерелерімнің шат күлкісі, адал еңбегі, қарапайым тірлігі. Біз Аманкелді ауданына әбден бауыр басып кеттік. Әрине, бұл жер менің туған жерім ғой. Қазақ балаларымен бірге ойнап өскен едім. Қазір де соларға кездесіп қалсам, өткенді еске алып, мәз боламыз. Мен қазақ бауырларыма шексіз ризамын! – дейді Валентин Сергеевич.
Иә, Красиковтар әулеті еңбекте де, оқуда да, тұрмыста да, көпшілік арасында да сыйлы да құрметті. Олар өздерінің адал еңбектерімен абыройға бөленген жандар. Батыр атындағы ауданды көркейтуге шама-шарықтарынша өздерінің үлестерін қосып келеді. Валентин Сергеевич – қазіргі күні ауданда тұратын орыс қауымының жасы үлкені. Ол қашан да ел бірлігін, халықтар достығын құрмет тұтады. Бейбіт-шілік пен тыныштықты қалайды. Екі тілге бірдей. Өзінің ана тілін қалай білсе, қазақ тілін де сондай жақсы, жетік біледі. Балалары мен немерелерін адал еңбекке тәрбиелеп келе жатқан ісі өзгелерге үлгі-өнеге. Бәйбішесі Валентина екеуі әлі де еңбектен қалған емес. Екеуі де зейнеткер. Бау-бақша өсірумен қатар төрт түлік мал ұстап, оның да қызығын көріп отырған жандар. Ал, балалары мен немерелері де олардың үлгі-өнегесін көріп өскендіктен шетінен еңбекқор, қарапайым.
Хамитбек
      МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суреттерде: Валентин және Валентина Красиковтар, олардың ұлдары, аудандық электр жүйесінің монтері Виктор Валентинович және оның қызы, Аманкелді орта мектебі 3"а" сыныбының озат оқушысы Кристина Красикова.
Суреттерді түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓