Ұлы ҰСТАЗДЫ ұлықтау

Қостанайда Ыбырай Алтынсарин дәрісханасы ашылып, жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
ыбырай АлтынсаринБір құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық! –
деп барша баланы оқу-білімге шақырып, қазақтың кең сахара даласына жар сал-ған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Ыбырай Алтынсарин – алдымен мұғалімдік пен жазушылықты бір-біріне ұштастыра білген ұлы ұстаз. Қазақ мәдениетінің алғашқы қайраткерлерінің бірі. Қазақ даласында бұрын-соңды болмаған жаңа үлгідегі мектеп ашып, оның өзіне ғана тән ерекшелігі бар бағдарламасын, оқу-құралдарын жазушы, шаруашылық есеп-қисабын да жүргізуші. Өзі ұстаз, өзі ұйымдастырушы. Қазақ тарихында педагогикалық ой-пікірдің негізін тұңғыш қалаушы. Ыбырайдың бұрынғы ел қамын ойлаған озық ойлы қазақ оқығандарынан айырмашылығы – ол халықты оқу-білімге шақырып қана қоймай, іс жүзінде де асыра білді.
Жақында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Ыбырай Алтынсарин дәрісханасының, сонымен бірге ақын, ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлының институт жанындағы Ыбырай мұралары зерттеу орталығы шығар-ған "Ұлы ұстаз ұлағаты" кітабының тұсаукесері болып өтті. Салтанатты жиынды институт ректоры, география ғылымының докторы, профессор Қуат Баймырзаев ашып, ұлы ұстаздың өмір жолы мен еңбектеріне қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, Ыбырай мұралары зерттеу орталығының елімізде тұңғыш рет Ыбырай энциклопедиясын шығаруды қолға алып жатқанын баян етіп, С.Оспанұлының жақында ғана институт баспасынан жарық көрген "Ұлы ұстаз ұлағаты" кітабымен таныстырды. Жаңа жинақтың бірнеше данасын қонақтарға тарту етті. Соңынан дәрісхананы ашуға мұрындық болған Ыбырай мұраларын зерттеу орталығының маманы Қуанышбай Орманов пен Серікбай Оспан-ұлына алғысын жеткізді.
Сөз арасында Қуанышбай Орманов: "Біздер, қостанайлықтар, қашан да Ыбыраймен мақтануымыз керек. Ыбрайдың алдында әркез де  борыштармыз.  Қа-заққа оқу мен білімді алып келген де, оның шуағын шашқан да ұлы  Ыбырай. Біз Абай дейміз, Шоқан дейміз, олар өз салаларында алға шыққандарымен, оқу – білім, қазақ баласының көзін ашу, рухани байыту жайына келгенде қазаққа Ыбырайдай ешкім еңбек еткен жоқ. Тіпті, біздер, қостанайлықтар, бүгінге дейін Ыбырайдың жерінде, Ыбырайдың елінде тұрып жатырмыз. Анау Шоққарағай да, Қостанайды қақ бө-ліп жатқан Қостіней мен Әбіл сайлары да,  анау Әлжан ауылы да – барлығы Ыбырайдың туған-туыстарының мекендері. Осының барлығын ескеретін болсақ, Ыбы-рай есімі біздер – қостанайлықтардың қолға ұстар тулары, нағыз бренді  болуы керек. Осы жайларды ескере отырып, біз-дің институттың жанынан Ыбырай мұраларын зерттеу орталығының және Ыбырай Алтынсарин дәрісханасының ашылуын да, Ыбырай Алтынсариннің энциклопедиясын дайындау жұмыстарының басталуын да  қолдай отырып, мұрындық бол-ған институт ректоры Қуат Маратұлы  Баймырзаев бауырыма шын жүректен Ыбырай жанашырларының атынан алғысымды  білдіремін.
Ыбырай Торғай-Қостанай балаларын ғана оқытқан жоқ. Ыбыраймен оның шәкірттері бүкіл қазақ балаларын оқытты. DSC_6417Ыбырай шәкірттерінің іздерін Семей мен Павлодардан, Жетісудан көруге болады. Нұрғали мен Нәзипа Семейде жүріп Қаныш пен Мұхтар, Сапарғали мен Әміре, Әлкейлерді оқытса, Біләл Аспандияров Жетісуда мұғалімдер техникумын ашып, кешегі сол жақтың ұлыларының барлығы сол техникумнан білім алып, тарағандар.
Ыбырай жайлы айтар сөз көп. Мына бүгінгі  салтанатты  түрде ашылып отырған Ыбырай дәрісханасы сол Ыбырайтанудың нағыз орталығы болады ғой деп сенемін.  Мұнда институт, университет, колледждердің студенттері ғана емес, мектеп оқушылары да келіп, Ұлы Ыбырай жайында  дәрістер тыңдаулары керек  болар. Облыстық, қалалақ оқу бас-қармалары, институт басшыларымен бірлесе отырып,  соны жоспарлау керек шығар?!", – деп келелі ой айтты.
Дәрісхананың ашылу рәсіміне қатысқан ақын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Ақылбек Шаяхмет: "Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қайраткері" мақаласында автор Шоқан, Ыбырай, Абай үшеуінің үш түрлі салада еңбек еткендерімен ұқсастықтары жоқ еместігін, ол ұқсастық – елге деген жанашырлықта жатқанын, оларды туыстыратын осы аңсаған армандарының бірлігі екендігін айта келіп, Ыбырайға жеке тоқталады. Ы.Алтынсариннің Шоқанға да, Абайға да ұқсамайтынын, ол екеуінің де ісін өз еңбегінде бір арнаға тоғыстырып, екеуі де істемеген келешегі зор істің үлгісін өз қолымен жасағанын, оның әрі жаңа үлгідегі ақын, әрі батыл жаңалық енгізіп, жаңа үлгідегі мектеп ашушы екендігін дәлелді айтады. Ол ашқан мектептің ерекшеліктеріне тоқталып, оқу құралдарын да өзі жазғанын, жазушылық пен мұғалімдікті шебер ұштастыра білгенін оқушысына түсіндіре баяндайды. "Сонымен қатар ол орыстың білімпаз қайраткерлерінің алдына, орыстың оқымысты жұртшылығының ілтипатына жеткізіп, қазақ халқының толып жатқан мұңдарын, шаруашылық, ағартушылық, саяси-қоғамдық хәлдерін ірі мәселе етіп, жазып танытқан публицист те болады" деп, Алтынсариннің тағы бір қырын ашады. Сөйтіп, Ыбырайдың мектеп ашу жолында қандай қиындықтарға тап болғанын, оны қалай жеңе білгенін, Абайдың  Ыбырайды  жақсы  білгенін,  екеуінің өлеңдері бір кездері бір кісінің өлеңдеріндей болып бірге көшіріліп жүр-генін, оқушысына ұғындыра жеткізеді", – деп Ы.Алтынсарин жайында жазған ға-лымдар мен әдебиетшілер еңбектерінен мысалдар келтіре отырып, әңгіме шертті.
Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов: "Біріншіден, қазір ұлттық идеология жоқ. Небір лайықты тұлғалар ескерілмей жатыр. Туыстары, ұрпағы барлары ғана іздесе ескеріледі. Ақаңнан бастап халық қамын ойлап, ұлттың мүддесін жоғары қойған адамдардың көбісі ұмытылып барады. Ыбырай туралы алып-қашпа әңгімелер көп. Бірақ, бәрі шындыққа жанаспайды. Ыбырайдың Тобыл жағасында ағаштан салған бірнеше бөлмелі үйі және қасында тігілген киіз үйі болған. Ағаштан салынған үйінде орыс және басқа достарын қабылдаса, киіз үйде қазақтарды қабылдаған. Осыдан-ақ оның кім екенін білуге болады. Ыбырай балалар әдебиетінің атасы", – деп ұлы ұстаз еңбегі жайында тебірене сөйледі.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті "Өнер студия-сының" жетекшісі, Халық ақыны Әсия Бер-кенова: "Дәрісхана жақсы безендірілген. Түрлі-түсті суреттер, мәтіндер Ыбырай өмірі мен қызметінен аз да болса хабар беріп тұр. Бұл аудитория ұлы ұстаз атында болғандықтан мәні мен мағынасы да бөлек, ерекше. Онда студенттерге рухани білім беретін сабақтар өткізілсе", – деген тілегін жеткізді.
DSC_6428Тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Күзембаев: "Өкініштісі, қаншама көп айтылса да, аз зерттелетін тұлғалар болады. Соның бірі даңқты бабамыз, әрі жерлесіміз – Ыбырай Алтынсарин. Осы жолдарды жазардың алдында ғаламторға кіріп, ұлы ағартушы жайында жазылған ақпарат іздедім. Бір таңқаларлығы, ол жөнінде жазылған тұщымды еңбек кездес-тіре алмадым. Қазақ, орыс тілдерінде жазылғандары бірін-бірі қайталайды.
Ыбырай өмір сүрген заман қандай еді? Бұл сұраққа талай ғалымдар, саясаткерлер және данышпандар жауап беруге ұмтылыс жасады. Солардың көпшілігі қазақ жерінің Ресейге қосылуын прогрессивті деп есептеп, Ыбырайды сол саясаттың ықпалында болды деп дәлелдеуге тырысты. Расында да солай болды ма? Орыс алфавитін өз еркімен кіргізіп қолданды ма, әлде жоғарыдан берілген нұсқау солай ма еді?  Қазақ балаларын орысша оқыту себебі не? Мүмкін ол орыс отаршылдарымен күресу үшін солардың тілін, дінін, мәдениетін жақсы білу керектігін жұрттан бұрын  түсінгені шығар?
Алдарыңыздағы ғылыми-зерттеу жұмысы белгілі ақын, ғалым, ұстаз Серікбай Оспанұлының Ыбырай бабамыздың замандастары, онымен бірге ұстаздық еткен, мұңдас, сырлас болған тұлғалар жөнінде. Кітапта Ыбырайдың шапағаты тиген, оның ашқан мектебінде оқыған және онымен замандас болған тұлғалар жөнінде де аз айтылмайды. Жоғарыда қойылған сұрақтарымызға да жауапты осы жинақтан табуға болады. Біз бұл жерде Серікбай Оспанұлы мен Қуанышбай Ормановтың ерен еңбегін мойындауымыз керек. Екі азамат осы жолда қыруар мұрағат материалдарын ақтарып, қаншама құжаттарды қопарып, Ыбырайдай дана ұстаздың жаңа қырларын ашып, тың дәйекті зерттеу жүргізді, – деп кітаптың құндылығына баса назар аударды.
Кітаптың авторы Серікбай Оспанұлы: "Ыбырайдың  кереметтілігі – ол  ұлтымыздың ұлы ұстазы А.Байтұрсынұлының,  "Оян,  қазақ!"  деп қазақ жұртына жар салып, патша жандармдарын  аяғынан тік тұрғызған М.Дулатұлының, қазақтың тұңғыш журналист қызы Н.Құлжанованың ұстазы. Н.Құлжанова М.Әуезов, Қ.Сәтбаевтардың ұстазы. Осылайша жалғаса береді", – деп кітаптың жазылу тарихына, кездескен қиындықтарға тоқталып, келген қонақтарға алғысын білдірді. Сөзінің соңын: "Ұлыларымызды ұмытпауымыз керек, ұлықтауымыз керек. Ұлыларымызды ұлықтауымыз – ұлтымызды ұлықтауымыз! Ұлтымызды ұлықтау ел рухын көтерері сөзсіз!" – деп аяқтады.
Нұрболат
          МЕШІТБАЕВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓