Айбарыңды асырған «Айбын»
Биыл республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына 6 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында жиынға 3 мыңнан астам жасөспірімдер қатысып отыр. Бұл Ұлт Жоспарына, «Мәңгілік ел» патриоттық актісіне және елімізде Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасына сәйкес, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді одан әрі жетілдіру мақсатында өткізіліп келе жатқан ауқымды шара.
Жиынның байқаулары мен жарыстары еліміздің барлық жастарын біріктіріп қана қоймай, командалық рухы мен жеңіске деген ерік-жігерін дамытып келе жатыр. Мұнда жас буын әскери жарыстар мен спорт, өнертапқыштық, тактикалық қабілеттерін байқата алады. «Айбын» жұлдыздары өз таланттарын көрсетіп, олардың ең мықтылары абсолюттік жеңімпазы атанып келеді. «Айбын» – жас патриоттардың келешекте әскери мамандық таңдауына даңғыл жол ашатын алаң. Соңғы 5 жылда «Айбын» әскери-патриоттық жиынының ақтық кезеңіне 4000-ға жуық бала қатысты.
Мемлекет басшысы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отанымызға адал, жауапкершілігі жоғары, қайратты және қайсар жастарымыздың басын қосқан бұл жиынның мән-маңызы айрықша екенін айта келе: «Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны отаншыл жастарды, адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін дәл осындай бірегей алаң», – деген болатын.
Жыл сайын Қарағанды облысының Спасск әскери қалашығы «айбындықтарды» қарсы алатын. Биыл елімізде қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты «Айбын» VІ республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанаты онлайн форматта өткізілді. Оған Қазақстанның барлық облыстарымен қатар, біздің өңіріміздің де жас патриоттары қатысты. Бұдан әрі де байқаулар мен жарыстар тактикалық алаңдарда емес, ғаламтор кеңістігінде өткізілгелі отыр.
ҚР Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев жиынның құттықтау сөзінде облыстық жиындардың қорытындылары бойынша өз өңірлерін лайықты көрсететін әскери-патриоттық клубтар айқындалатынын, олар республикалық және халықаралық жиындарда бағын сынайтынын жеткізді.
– Еліміздің өркендеуі өскелең ұрпақтың тәрбиесімен тікелей байланысты. Ел Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар – дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі» деуі жастарымызға қандай зор жауапкершілік жүктеп отырғанын айқындайды. Болашақта білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде әскери-патриоттық жиынның маңызы зор, – деді Н.Ермекбаев.
Қостанайдағы құрылыс колледжінің директоры Александр Козлов жетекшілік ететін «Тайфун» әскери-патриоттық клубының сапында 15 бозбала мен бойжеткен тәрбиеленіп келеді. Құрылғанына 17 жыл болған клубтың жеткен жетістігі аз емес.
Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова жиналған жас сарбаздарды республикалық маңызы зор шараның басталуымен құттықтап, алдағы сайыстарға дайындықтарын пысықтады. Кезең-кезеңмен онлайн өтетін жарыстарға дайындық барысын әскери-партиоттық клубқа барып, өз көзімен көруге уәде етті.
Айта кетейік, жарыстарға 14 пен 18 жас аралығындағы қыздар мен бозбалалар қатыса алады. Олар кермеде тартылу, қол-аяқ, іштің бұлшық еттеріне салмақ түсіретін жаттығулар, қаруды бұзып-құрастыру, газға қарсы тұмылдырық және жалпы әскери қорғаныш киімдерін кию жарыстары, сонымен қатар, интеллектуалдық сайыстар.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ