Байқау сынағының нәтижесі
Сарыкөл ауданының мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырған болатын. Байқау сынағының нәтижесі белгілі болды. Қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тестке барлығы – 111 адам қатысты. Олар тестті тыңдалым (30 сұрақ), лексика-грамматика (70 сұрақ) және оқылым (50 сұрақ) бөліктері бойынша тапсырды.
Жалпы, ҚАЗТЕСТІҢ нәтижелер талдауы бойынша 31-64 – тіл үйренуші қарапайым деңгейде (А1) меңгерген; 65-104 – базалық деңгейде (А2) меңгерген; 105-119 – орта деңгейде (В1) меңгерген; 120-134 – ортадан жоғары (В2) деңгейде меңгерген; 135-145 – жоғары (С1) деңгейде меңгерген деп есептелді.
Осыған сәйкес, біздің ауданның тест тапсырушыларының ішінде қазақ тілін 27 адам қарапайым деңгейде, 75 адам базалық деңгейде, ал 9 адам орта деңгейде меңгергендіктері анықталды. Өкінішке орай, ортадан жоғары және жоғары деңгейлерде меңгергендер мүлдем болмай шықты. Бұл әрине, төл тілімізге деген құрметтің, оны қаншалықты деңгейде білетіндігіміздің көрінісі. Сонда мемлекеттік тілімізді мейлінше меңгере алмағандығымыз ба? Жәй ғана байқау сынағында бұлай болып жатса, келесі кезеңде яғни, ортадан жоғары және жоғары деңгейлерге сәйкес сертификаттарды иемдену үшін ұсынылатын тестте жағдайымыз не болмақ?
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы