Ұшқыр ойдың, ұтымды сөздің сайысы

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Дәуірдің жарық жұлдызы» республикалық турнирі өткізілді.
Мықтылардың мықтысы, сөзден жүйрік шешені анықталатын алаңда еліміздің 9 қаласынан 11 жоғары оқу орнының пікірсайысшылары бақ сынасты. Жарысқа жалпы саны 64 пікірсайысшы қатысты. Олар 32 фракцияда өнер көрсетті.
 Іс-шараның алғашқы күні қатысушыларға Қостанай өңірлік университеті ғимаратынды орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің таныстырылымы өтті. Екінші бөлімінде қаламызға келген қонақтарға арнап волейболдан арнайы жолдастық кездесу ұйымдастырылды.
 «Ахмет атамыздың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде кеңінен аталып өтуде. Біз де бұл тамаша мерекеден тыс қалғымыз келмеді. Сондықтан осы турнирді ұлы тұлғамыздың мерейтойына арнадық. Республиканың әр аймағынан пікірсайысшылар клубы турнирге келіп отыр. Бұл бізді қуантады», – дейді жарысты ұйымдастырушылардың бірі Диана Әзімхан.
Екі күндік турнир нәтижесі бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Шуақ Таңатқызы мен Бақбол Адуын жарыс жеңімпаздары  атанып, 100 мың теңгелік ақшалай жүлдеге ие болды.
«Турнир барысындағы төрешілік, атмосфера, республикамыздың аймақтарының бір-бірімен байланысқа түсуі маған жақсы әсер қалдырды. Дебат – бұл тек ойын емес, адамның ұшқырлығын көрсетіп, білімі мен сөйлеу қабілетін шыңдайтын алаң. «Кіл мықтыдан кім мықты» демекші, үздіктердің арасындағы масштабты турнирдің жеңімпазы атанғаныма қатты қуаныштымын. Сонымен қоса, дебат қозғалысының жанданып, дамып жатқаны да көңіл серпілтер жақсы құбылыс. Ұйымдастырушылар мен «Парасат» дебат клубы әр қатысушының көңілін табуға тырысқанына алғыс айтамын», – дейді жарыс жеңімпазы Шуақ Таңатқызы.
А.Байтұрсынұлы атындағы университеттің жастар ісі жөніндегі маманы Диана Әзімхан екі күндік турнир бір деммен өте шыққанын айтып өтті.
«Республикадағы алғашқы маусымашар турнирі болғандықтан, қатты қобалжып едік. Турнирді өткізуге атсалысқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бастысы, келген командалар риза, бұл ұйымдастырушылар үшін үлкен сыйлық. Алда республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлер ұйымдастыру жоспарымызда бар», – дейді ол.
Қаракөз МАҚАТОВА
ҚӨУ студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓