Ербол Азанбек: Іскерлік журналистика жаңа қалыптасып келеді

Былтыр Алматыда жарық көрген «Іскерлік журналистика» кітабы қостанайлық БАҚ өкілдерінің де қолына тиді. 7 автор бірігіп жазған жинақта журналистерге экономика, қаржы, бизнес саласына қатысты кеңестер берілген.  Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет туралы мағлұматтар, қор биржасына қатысты ақпарат көздері бар. Идея авторы – іскерлік журналистикаға алғаш із салып, елге тың ізденістері арқылы танымал болған бүгінгі екінші деңгейлі банктердің бірінің пиар менеджері Ербол Азанбек. Таяуда ол Қостанайда  ERG компаниясының қолдауымен өткен семинар-тренингке келіп, өз тәжірибесін бөлісті. Қалт еткенде мейманды әңгімеге тартып,  сұқбаттасудың да орайы келді. 
 
IMG_0516
– Өзіңіз негізінен банк саласында жүрсіз. Бірақ «Іскерлік журналистика» мектебін ашып, «7kun.kz»  іскерлік жаңалықтар сайтын да басқарып отыр екенсіз. Кітабыңызды шығарып жатырсыз. Бұл сіз үшін қаржы табудың қосымша көзі ме, әлде басқа бір себептері бар ма?
 
– Жақында ғана осындай бір әңгіме болды. Күдікпен қарайтындар бар. Кейбіреулер: – Не үшін кітап шығарып, сайт, мектеп ашып, осы салада жанталасып жүрсің? –  деген сауал қояды. Шын мәнінде, банк саласында қызмет еткендіктен, жалақымды алып, тыныш отыра беруіме де болады. Бірақ бар проблеманы көріп отырып және қолыңнан кішкентай бір нәрсе келе тұрып, әрекет ете алатын мүмкіндігің бола тұра, қимылсыз отыру дұрыс емес. Сондықтан негізгі жұмысымнан тыс уақытта кәсіби журналистика саласы бойынша тренингтер, жобалар өткізіп, халыққа қажетті контент өндіруге, болмаса жас журналистке пайдалы кітап шығарып, осы бағытта әрекет етіп жатырмыз. Бұны түсінбейтіндер  бар. Қоғамға пайдалы іс екенін аңдап, түсініп, қолдайтындар да көп.
 
– Сонда біздің қаржылық сауатымыз төмен бе?
– Өкінішке қарай төмен. 2017 жылы біз республика бойынша  қаржылық сауаттылық деңгейін анықтау мақсатында зерттеу  жүргіздік. Нәтижесінде қазақ тілді аудиторияның басым бөлігінің қаржы саласын жете түсіне бермейтіні байқалды. Одан кейін өзімнің де банк саласында жұмыс істегелі бері осы қаржылық сауаттылықтың шын мәнінде төмен екендігіне көзім жетті. Бұл, әрине, түсінікті. Біз кеңестік кезеңде бизнес ашу, жеке қаражатты көбейту, кредит алу, депозит ашу дегенді білмедік. Тәуелсіздік алғаннан кейінкоммерциялық банктер қызметін дамытып, белсенді кредит бере бастады. Халықтың банк қызметімен және өнімдерімен ең көп ұшырасқаны және қаржы жүйесіне сыни тұрғыда қарай бастауы осы кредиттер мәселесімен байланысты болды. Еуропалық банктерден арзан кредиттер келе бастады. Халық жаппай кредит ала бастады. Келісім-шартты оқымай, кредит нақты қандай мақсатқа керек екенін түсінбестен алған адамдар көп болды. Өзінің қаржылық тәуекелін бағамдамай, кредит алу үрдіске айналды. Одан кейін қаражатын үйде сақтайтын адамдар бар. Қолда бар азын-аулақ қаражатты депозиттен басқа қандай жолдармен көбейтуге болады дегенге мән бере бермейді.  Сондықтан экономикалық, қаржылық сауаттылық, осы салаға қатысты ақпарат алу деген қазір біздің алдымыздағы өте үлкен, күрделі мәселе болып тұр. Осының бәрін ішінен көріп жүрмін. Өзім біріншіден, банк саласында қызмет етемін, мамандығым – журналист. Осы мәселенің шешілуіне өзім де қолымнан келгенше ықпал етсем деген ниетпен сайт аштым. Одан кейін «Іскерлік журналистика мектебі» деген жобаны қолға алдық. Қазірше, Алматыда ғана, студенттерді іріктеп алып, үш айлық іскерлік журналистика мектебінде оқытып жатырмыз. Студенттерге қаржыгерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер мотивациялық тренингтер өткізіп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Үш ай өткен соң оларды «7kun.kz» ақпарат агенттігіне жұмысқа аламыз. Студенттер осында айлық алып, тәжірибе жинақтайды. Одан кейін ары қарай басқа бұқаралық ақпарат құралдарына жұмысқа орналасады. Соңғы жылдары қаржы, экономика, бизнес бойынша жазатын жақсы сайттар пайда бола бастады, аз болса да. Немесе бар сайттардың өзі осы тақырыпта айдар ашып, материалдар беретін болды. Қазір бұрынғыдай емес, қаржы саласындағы материалдарды іздеп оқитын аудитория қалыптасып қалды. Сондықтан біздің мектептен өтіп, сайтта жұмыс істеген жастар кәдімгідей сұранысқа ие болып отыр. Мұның сыртында, kursiv.kz, Lsm.kz деген порталдар да қазақша материал бере бастады. Өткенде Арманжан Байтасов: «Биылдан бастап «Форбс кз» журналы қазақша шыға бастайды», – деді. «inbusintssюля» деген ақпарат агенттігінің директоры Мира Халина да қазақ тілді іскерлік бағыттағы контентке сұраныс пайда болды деп отыр.
Біз енді тек Алматыдамыз. Облыстарға, аудандарға жете бермейміз. Онлайн тренинг те ұйымдастырмаймыз. Сондықтан ең болмаса, шағын нұсқаулық, кітап түрінде болсыншы, жетсінші деген ниетпен таяуда «Іскерлік журналистика» деген кітап шығардық. Бірақ 1000-ақ данамен шықты. Барып, тренинг өткізген өңірлердегі журналистерге тегін таратып жүрмін. Енді бұл кітаптың электронды нұсқасын «7kun.kz» сайтына енгізіп қоямыз. Осы тақырып қызықтыратын кез  келген журналист сайтқа кіріп, өзіне жүктеп алып, қажетіне жарата алады.
IMG_0927
– Іскерлік журналистиканың кенжелеп қалуының себебі заң, бизнес және билік сияқты қоғамның ілгері қозғаушы салаларының орыс тілді болуына байланысты  емес пе?
– Тікелей байланысты деп айтуға болады. Өйткені біз қанша жасырсақ та, биліктің кейбір тармағы пен ірі бизнес – орыс тілді. Мәселен, бизнес саласы бойынша баспасөз релиздері, ақпараттық материалдың бәрі бірінші орысша жасалады. Өйткені бірінші басшылардың барлығы орыс тілді. Одан кейін оны аудармашылар қазақ тіліне аударады. Аудармашылар оны тікелей қасаң тілмен, шаблондармен шорт кесіп аударады. Халыққа түсініксіз көбіне. Орыс тіліндегі прес-релиз сайттарға жетіп, жаңалық ретінде шығып жатқанда, қазақ тіліндегі нұсқасы енді ғана аударылып жатады. Сондықтан бірінші басшылардың тілге шорқақтығы қазақ тілді ақпараттың оқырманға жедел жетуіне кедергі болып отыр.
 
– Үміт бар ма?
– Үміт бар. Өйткені қазір қазақ аудиториясы 70%-тен асты деп жатыр. Мұның сыртында ірі банктік өнімдер, шағын, орта бизнестің халық тұтынатын өнімдерінің негізгі тұтынушылары қазақ тілділер. Тұтынушы қай тілде сөйлесе, ерте ме, кеш пе, бизнес те сол тілде ақпарат таратауға мүдделі болады. Онсыз бизнес бизнес болмайды. Осыған қарап, қазақ тілді ақпараттың алға шығатын уақыты келеді деп сенемін.
 
– Енді жаңағы өзіңіз ашқан «Іскерлік журналистика» мектебіне оралайық. Бұл мектепті тәмамадаған түлектерге сұраныс бар ма?
– Біз 50-ге жуық жас журналистерді дайындап шығардық. Бірақ мынандай мәселе болып тұр, дәл қазір. Университетті, біздің мектепті бітірген біраз қызымыз тұрмыс құрып кетті. Көпшілігі декретте отыр екен, өткенде қарасам. Жігіттердің көбі магистратурада оқуын жалғастырып жатыр. Америкада 2-3 баламыз оқып жүр. Бұлардың ішінде Аян Қалмұрат деген баламыз «Азаттық радиосында» жүр. Өте мықты журналист болып қалыптасып келе жатыр. Кәмила Еркінқызы деген түлегіміз «Айқын» газетінің экономика бөлімінің редакторы болып отыр. Бұл газетте Жадыра деген тағы бір қызымыз бар. Біз Іскерлік журналистика мектебін бітірген  жастардың бәрімен тұрақты байланыстамыз. Бір-екі ай жұмыс істеген адамның өзі іскерлік журналистикадан кеткісі келмейді. Олардың көбі алдағы 4-5 жылдың көлемінде жарқырап көрінеді деп сенемін.
IMG_0487
– Қазіргі қазақ журналистикасының қамтылмай жатқан кемшін тұстары қандай?
– Бізде белгілі бір тақырыптар көтерілмей жатқаны рас. Одан кейін қазіргі заманның талабына сай журналистика факультеттеріндегі білім беру бағдарламалары өзгермей жатыр. Мысалы, қазір интернет журналистиканың дәуірі келе жатыр. Бұған әлеуметтік желіні қосыңыз. Қазір мұның өзі сәл саябырсып, мессенжерлердің дәуірі келе жатыр. Қазақ журналистикасы солардың бәрін пайдалануы керек қой. Бірақ біз әлі сол мәтіннен аса алмай отырмыз. Мультимедианы, аудио, видео, фотоны тиімді ұқсата алмай отырмыз. Қазір қолында ұялы телефоны,  компьютері бар кез-келген адам ақпарат таратып, белгілі бір журналистік қызметті атқара алады. Осындай ақпараттық бәсекелестік көп заманда біздің журналистер басқаларға қарағанда барынша көп ақпарат таратуға және тек қана мәтін емес, мультимедиалық құралдарды пайдалана отырып, барынша кең аудиторияға таратуға ұмтылуы керек. Ол тек қана өзінің сайты, газеті емес, әлеуметтік желі, мессенжерлерге де таратып отыруы керек. Яғни, жай қатардағы блогерге, телефоны бар, оқиғаны түсіріп, ютубқа сала алатын қарапайым адамға қарағанда сапалы, анық, расталған, шынайы ақпаратты  барынша кең аудиторияға жылдам тарата алу крек. Қазіргі журналистердің кәсібилік деңгейі соған байланысты. Бірақ өкінішке қарай, біз журналистік білім беруден бастап, осыған толық бейімделе алмай отырмыз. Мұның екінші жағы бар. Қазіргі жас журналистерге қатысты тағы бір проблема пайда болды.  Жастар мәтін жазу дегеннен қалып бара жатыр. Олар мультимедиалық өнім, әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін көбірек пайдаланып отыр. Бірақ баяғы дәстүрлі журналистиканың құндылықтарын ұмытып бара жатыр. Бұл толыққанды журналистиканың жоқтығын көрсетеді. Сол дәстүрлі журналистикаға тән сауатты мәтін жаза алу мен қазіргі заманауи ақпараттық сұранысты ескеріп, толыққанды журналистика жасау деген мәселе бізде әлі жоқ.
IMG_0492
– Қаржы саласында белгілі бір мәселеге тіс батырып, талдап жаза алу үшін не қажет журналистке?
– Шоу бизнес тақырыбын жазу үшін эксперт болудың қажеті жоқ. Бір 5-6 әншімен таныс болып, солардың инстаграмдағы өмірбаянына шолу жасап, концерттеріне барса, болды, контент дайын. Ал қаржы саласы кішкене күрделілеу. Оның өзінің бір терминдері, ұғым-түсініктері бар. Бұл саланы жазатын адамның өзі де бизнеспен айналысып көруі керек. Ең болмаса, сол бизнестің айналасында жүрген адамдармен таныс болып, олардан белгілі бір ақпарат ала алатындай болуы керек. Және қаржы өнімдерін өзі түсініп, оны қарапайым адамдарға түсіндіріп бере алуы қажет. Мысалы, депозиттің ішінде қаншама өнімдер бар, әр банктің депозиттік өнімдерін түсініп, мына банктің депозиті дұрыс, мынаның проценті төмен, мынанікі жоғары, мынаны алсаң, ұтылмайсың  деп қолмен қойғандай ғып түсіндіріп, сарапшылық кеңес бере алуы керек. Оны бере алу үшін, қазір банктердің өнімдері жиі өзгереді, соның бәрін ұдайы бақылап, қарап, осы саланың жаңалықтарын күнделікті шолып отыру керек. Осы саланың басы-қасында жүріп менің өзімнің түсінгенім –  адам өзіне белгілі бір меже қойып алу керек екен. Күніне, кем дегенде, 10 ресурстан ақпарат алып, жалпы жағдайды шолып отырмасаңыз, онда бұл саланың жаңалықтарынан хабарсыз болып қаласыз. Сондықтан, мүмкіндігінше, сол сала бойынша сарапшыға айналуға тырысу керек. Нашар сарапшы болсаңыз да, жақсы журналист болуға мүмкіндігіңіз бар.
            Тағы бір мәселе, қазақ журналистері көп жағдайда ірі банктерге, ірі компаниялардың баспасөз мәслихаттарына, болмаса басқа да конференция, жиындарына бара бермейді. Барған күннің өзінде банктің бірінші басшыларына сұрақ қою мүмкіндігін пайдаланбайды. Себебі журналистеріміз сол тақырыпты аздап жазып жүргенімен, көп жағдайдан хабарсыз. Банк өнімдерін, проблемаларын, жетістіктерін біле бермейді. Мен 2013 жылы өте бір проблемалы кезеңде банк саласына келгенде, орыс тілді журналистерден күніне  6 сауал келетін. Ал қазақ тілді журналистер бір жылда 6 сауалхат жіберетін. Оның үшеуі –  «Қазақша неге сөйлемейсіңдер» деген сауал. Сондықтан ірі компаниялардың қазақ тілінде ақпарат таратуға немқұрайлы қарай салуының себебін қазақ тілді БАҚ белсенділігінің төмендігінен іздеу керек сияқты. Кейбір банктердің, кейбір ірі-ірі компаниялардың қазақ тілін екінші деңгейлі санап, ақпарат таратпай қою жайттарын байқап жүрмін. Мысалы, біраз компаниялардың сайттарында толымды қазақша ақпарат жоқ. Сондықтан біздің қазақ тілді журналситердің белсенділігі керек. Егер журналистер талап қоя білсе, банк, компаниялар жауап беруге міндетті.
IMG_0421
 
– Жаңа тренинг өткізіп жатқанда SММ маман дегенді айтып қалдыңыз. Соны таратып, түсіндіре кетсеңіз…
– SММ маман мына әлеуметтік желідегі контент жасаумен және әлеуметтік желі арқылы белгілі бір жобаның жарнамасын жасаумен айналысатын маман. Қазір ірі компаниялар мен ірі банктердің барлығы SММ басқармаларын құрып тастады. Өйткені бұрын адамдар Call-орталыққа қоңырау шалатын болса, қазір интернет арқылы сұрақ қояды. SММ басқармалары сол интернет арқылы онлайн жауап беру үшін жұмыс істейді. Олар әлеуметтік желі арқылы оқырманға материалдар ұсынады. Ол фото, аудио, видео түріндегі жарнамалық материалдар, түсіндіру материалдары болуы мүмкін. Әлеуметтік желі мен SММ бағытында жұмыс істеу қазіргі таңда, әсіресе, қазақ тілді аудитория үшін маңызды. Өйткені біздің қазақ аудиториясында шамамен 3 млн адам Instagram-да отыр. Дәл осы шамадағы адам  «Ютуб-та» отыр. Қазақстанда қазақ тілді ютубты көп көреді екен. Сол ютуб пен инстаграмға арналған контент жасап, оны дамытса,  газет сол жерден де өз оқырманын таба алады. Сондықтан SММ маман дайындап, оны сайтқа жұмысқа тарту өте маңызды. Қазір қателеспесем,  Алматыдағы Халықаралық IТ-Университетте ғой деймін,  SММ деген бөлек мамандықты оқыта бастады. Бұл өте дұрыс. SММ мамандарын бөлек оқыту керек. Олардың саны болашақта журналистерден де көп болады деп ойлаймын.
 
– Теледидар қарайсыз ба?
– Жоқ!
– Қазіргі журналиске қандай ұялы телефон керек?
– Былтыр Алматыда «iMedia» деген жоба бойынша Миссури университетінің 5-6 профессоры келіп журналистерге дәріс оқыды. Біз олардан журналистерге қандай смартфон керек деп сұрадық қой. Олар: – Міндетті түрде iPhone ұстаңыздар.Өйткені монтаждау, дыбыстың тазалығы, видео мен фотоның сапасы өте жақсы, – дейді. Енді барынша соңғы кездегі сапалы фото-видеоға түсіре латын жақсы смартфон керек журналистке. Бұрын журналистің бес қаруы болып фотограф, оператор қасымызда жүретін болса, қазір телефон-ақ «бес қарудың» рөлін атқарып тұр. Ұялы телефон арқылы контент жасап, фото-видеоға түсіре алу, мәтін жаза алу қазіргі журналистер үшін маңызды.
Сұқбаттасқан: Нұрқанат Құлабаев
Суретті түсірген: Бердіболат Көркембаев

 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓