«Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан»
«QazTalks» азаматтық қоғамның ашық конференциясының кезекті бас қосуы Қостанай ауданынында өтті. Бұл жолғы тақырып – «Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан». Көпшілікпен кездесуге «Терра» шаруа қожалығының директоры, кәсіпкер Владимир Семейкин, жүк тасымалдау саласындағы жас кәсіпкер Алексей Колосков және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушысы, азаматтық белсенді Наурызбек Бірмағамбетов келді. Келген үш кейіпкердің де айтар ойы мен бөлісер тәжірибесі мол. Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова жүргізіп, бүгінгі тақырыпқа сай деректер ұсынып отырды.
Владимир Семейкин, кәсіпкер:
–Менің бұл кәсіпті бастағаныма биыл 20 жыл. Алғашында небәрі 38 гектар жермен бастаған едік. Осы жылдар ішінде жеріміз он еселеп ұлғайды. Жұмысшылар саны да артты. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді де пайдаланып келеміз. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында ісімізді кеңейттік. Десе де ауылды жерде жұмыс істегісі келетін, қиындыққа төзетін жандар азайып барады. Қай істе болмасын төзімділік қажет.
Алексей Колосков, жас кәсіпкер:
–Көп жылдар бойы мемлекеттік қызметкер ретінде еңбек етсем де, бизнес саласында ісін енді бастаған жас кәсіпкермін. Демалысқа шыққан соң кәсіппен айналысамын деп шешім қабылдадым. Бірден бастап кеттім дей алмаймын. Алдымен мемлекет тарапынан ұсынылған курстардың бәрінен өттім. Көп дүние үйрендім. Егер араларыңызда жеке ісін бастағысы келетін жандар болса білгеніммен бөлісуге әзірмін.
Наурызбек Бірмағамбетов, азаматтық белсенді:
–Жас маман ретінде 2009 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Федоров ауданына бардым. Өзімді сынап көрсем деген мақсатым болды. Бірақ мемлекет тарапынан жас маманға ұсынылған көмектерді қолданғаным жоқ. Қосымша спорт үйірмесін ашып, дамытып, шәкірттерім жақсы көрсеткіш көрсетті. Өзім биология сабағынан сабақ бередім. Әр сабағымда оқушыларыма бизнес жоспар жасауды үйреттім. Ғылым жолында да еңбектеніп, өсімдік тыңайтқыштарын жасау жолын да зерттедім. Кейін де бірнеше жоба бастап, грант та ұтып алдым. Жылыжайда да өнім өсіріп, осы істі әрі қарай жалғастырғым келеді. Қазргі кезде жүзеге асырғым келетін арманым да жетерлік. Ауыл шаруашылығы саласында органикалық компос шығарғым келеді. Жастарға айтарым, ауылды жерде өзіңді көрсетіп, тәжірибе жинақтауға болады.
Ашық конференция алаңында алға қойған мақсатты діттеген жеріне жеткізіп, мемлекеттік бағдарламамен ұсштастырған үш кейіпкердің де айтқаны қызықты болды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА