Әскердің әлсіздігі кімге сын?

Өткен күзде өңірімізден 916 азамат Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Олар ҚР Қарулы күштері, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Ұлттық гвардия, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдарында сап түзеп жүр. Алайда тепсе темір үзетін сол сарбаздардың арасынан 5 адамның денсаулығынан кінәрат табылып, үйлеріне қайтып келіп отыр. Оған бастапқыда облыстағы медицина мамандарының тексеруіндегі салғырттық себеп болған.DSC_3493
Осы және көктемгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Асқар Ниязов аймақтық комиссияның отырысы барысында баяндады.
– Күзгі әскерге қабылдау шарасы кезінде 7688 азамат шақыру комиссиясынан өтті. Олардың 5093-і немесе 66,2% әскерге жарамды деп танылды. Жеткіншектер 17 жасқа толып, әскери есепке алынғаннан бастап олардың денсаулығын көтеру, емдеу шаралары тиісті деңгейде емес. Есепке алынған бозбалалардың тізімін жергілікті әскери бөлімдер емдеу мекемелеріне жолдайды. Алайда дәл әскерге аттанатын кезде олардың арасынан түрлі сырқаттары барлар анықталып жатады. Дегенмен бұған бір жағы медициналық комиссияның дәрігер мамандармен толық қамтылмауы да себеп. Дәрігерлердің жетіспеушілігінен аудан-қалалардың медициналық комиссия жұмысының сапасы алдыңғы жылғымен салыстырғанда төмендеп кетті, – деді А.Ниязов.DSC_4376
Қазір әскерге шақыру комиссиясының өңіріміздегі бөлімшелеріне дерматовенеролог, невропатолог, офтальмолог, отоларинголог, нарколог, терапевт, стоматолог, фтизиатр қатарлы 29 дәрігер маман жетіспейді. Сол себепті, аудан-қалаларда тексеруден өткен жеткіншектер облыстық комиссияға қосымша тексеруден өтуге немесе әскерге уақытша жарамсыз деп танылуға мәжбүр. Ал жекелеген аудан-қалалардың әскерге қабылдау бөлімшелерін жергілікті атқарушы органдар тиісті деңгейде жабдықтамаған. Әбден тозығы жеткен немесе талапқа сай келмейді деген Қарабалық, Таран, Федоров аудандары мен Рудный қаласының пунктері жөндеуді қажет етеді.DSC_4412
Бұл аздай, аймағымызда борышын өтеуден жалтарып жүрген 1383 ержеткен бар екен. Ал оларды іздестіру жұмыстары да нәтиже берер емес.
– Тек облыс орталығының өзінде әскери борышынан бой тасалап жүрген 872 адамға іздеу жарияланған. Оларды іздестіріп табуға Қостанай қаласының әскери басқармасы ішкі істер органдарына талай мәрте хат жолдағанмен, еш нәтиже болар емес. Әскерден жалтарғандар жағынан саны көп Лисаков, Рудный қалалары мен Жітіқара, Таран, Ұзынкөл аудандары 2018 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанының жоспарын орындаған жоқ, – деді баяндамашы.DSC_4338
Мәселе мұнымен біте қоймайды. Қазір сарбаз атанудан бас тартатындар да көбейіп барады. Департамент бастығы бұған жеткіншектер арасында тиісті шаралар мен түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеген ішкі саясат және жастар мекемелері кінәлі деп отыр.  DSC_9580
Естеріңізге салайық, жуырда еліміздің Ұлттық гвардия Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов Мәжіліс депутаттары алдында 2018 жылы 150 сарбаздың денсаулығына байланысты әскер қатарынан қуылғанын мәлімдеген болатын. Әскери комиссияның жұмысын сынға алған қолбасшы «Қуылғандар саны бүтіндей батальонды құрайды» деген еді. Руслан Жақсылықов медициналық комиссияның салғырттығынан туберкулездің ашық түрімен ауыратын бес азаматтың әскер қатарына шақырылғанын баса айтты.
Облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Екатерина Слободенюк флюроаппараттың жоқтығы құрт ауруы барлардың комиссиядан өтіп кетуіне жол беретінін айтты.
– Мәселен, жылжымалы флюрографиялық жабдықтар аудандардағы орталық ауруханалардың жұмыс кестесіне кедергі келтіреді. Сол себепті, стационарлық қондырғы сатып алу қажет болып отыр. Оның құны шамамен 37 млн теңге болады. Ғимарат бар, – деді Е.Слободенюк.IMG_3508
Аймақ басшысының орынбасары, комиссия төрағасы Марат Жүндібаев бұл мәселені шешуге күш салатынын жеткізді. Ал барлық жауапты органдарға биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанын ойдағыдай өткізуге, соның ішінде борышын өтеуден жалтарып жүргендерге іздестіру мен медициналық тексеруді күшейтуге тапсырма берді.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Сурет газет мұрағатынан алынды.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓