Ең үздік еріктілер

Қостанайда 2022 жылдың ең үздік еріктілеріне құрмет көрсетілді. Облыстық қоғамдық даму басқармасының жастар ресурстық орталығы мен «Sanaly urpaq-2050» қоғамдық қоры ұйымдастырған іс шараға қордың белсенділері қатысты.
– Іс-шараның мақсаты – өңірдің жастары арасында құндылықтарды дұрыс насихаттау, атап айтқанда, әлеуметтік осал азаматтарға жанашырлық пен қолдау көрсету. Дәл осындай шаралар арқылы біз еліміздің волонтерлік қозғалысының дамуына үлес қосқымыз келеді, – дейді ұйымдастырушылар.
Марапатталған ең үздік еріктілердің қатарында Мирас Бекентаев бар. Белсенді ерікті пандемия кезінде мұқтаж адамдарға дәрі-дәрмек жеткізумен айналысты. Биыл Жамбыл кентінен жоғалған кішкентай Мәдинаны іздеуге қатысты, сондай-ақ, Әулиекөл ауданындағы алапат өрт кезінде тұрғындарға көмек көрсетті. Қазір де босқындарға тұрғын үйге қол жеткізу үшін қолдау көрсетуге әрқашан дайын.
Еріктілік ең алдымен топтық жұмыс екенін ескеру маңызды. Біздің облыста жыл сайын тұрғындардың әл-ауқатына үлес қосатын, көмек қолын созатын, аяз бен аптапта, төтеннен келген апаттарда түрлі акциялар өткізетін, қоғамның игілігі үшін аянбай, жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын көптеген еріктілер ұйымдары бар. Соның бірі – «Дос» іздеу-құтқару отряды.
– Біздің отряд Әулиекөл жерінде болған алапат өртте ерікті ретінде қатысты. Екі аптадай Аманқарағайда, Басаманда, Лесное ауылында болып, қызыл жалынды ауыздықтауға көмектестік. Жалпы, біздің тобымыздың құрылғанына алты жыл болды. Жоғалған адамдарды, балаларды іздеуге көмектесеміз. Басында осы мақсатта отыз шақты адамнан құрылған болатын. Қазір қатарымызға кірушілердің саны бес жүзден асты, – деді «Дос» іздеу-құтқару отрядының үйлестірушісі Олеся Логошиновская.
Шара барысында үздік волонтерлер сертификаттармен марапатталып, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Жиналғандарға еріктілердің онкологиялық аурумен күресіп жатқан кішкентай Айарудың тілегін орындаған «Армандар орындалады» акциясының бейнеролигі көрсетілді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓