Зымыран бөлшектері зиян ба?
2017 жылы Жанкелдин ауданының аумағындағы жердің бір бөлігін жалға беруге қатысты Ресей ғарыш агенттігі мен біздің билік арасында келісім орнаған еді. Соған байланысты халықтың арасында «ракета қалдықтарының құлатылуы шабындық жерлерге зияны тимей ме?» деген күдік қалыптасқан. Содан бері бұл әңгіме біраз уақыт кейінге шегеріліп келген еді.

«Ол жұмыстар үшін 67 мың гектар алқап бөлінген. Әуеге көтерілген зымыранның біздің территорияға келгенде қуаты таусылады. Одан босаған құтылар сол аумақтарға тасталады. Оның ешқандай шаруашылыққа тигізер зияны жоқ. Сол зымыран бөлшектері түсетін аумаққа ешкім малын бақпасын деген түсінік жоқ. Тек жаз айларында түсіп жатса, өрт қауіпсіздігін сақтауға тура келеді. Ал жауын-шашын түсіміне әсері бар-жоғын арнайы мамандар анықтауда. Кері әсері расталған жағдайда қасы шараларды қолдануға болады», – дейді Жанкелдин ауданының әкімі Ш.Оспанов.
Бұл жерде «бұдан түскен қаржы қайда кетіп жатыр?» деген сауал елдің көкейінде жүр.
«Жалпы аудан бойынша жылына жан басына шаққанда елдің қажеттілігіне төрт миллиардқа жуық қаржы жұмсалады. Жоспарлы жобаларды қоса есептегенде бұл сома анау айтқаннан екі есеге ұлғая түседі. Келісім бойынша үш құлатылу процесінен асып кетпеген жағдайда ол жақтан келетін табыс мөлшері сол кездегі курспен 460 мың долларды құрайды. Ол қаражат аудандық бюджеттің балансына түсіп отырады», – деді әкім тікелей эфирде сөйлеген сөзінде.
Айбек Ғалымұлы.