Жат ағымнан сақтан, замандас!

Жат ағымға еру деген, көз алдымызға қоғамнан алшақ, бастары жеке бір жұмысқа ауған немесе өзінің мақсат-мүддесіне қарай насихат айтып, сені соған тарта бастайтын адамдар елестейтіні бар. Ақпараттандыру жан-жақты дамыған қазіргі заманда діни жағынан шалыс басқанымыз құптарлық емес, әрине.
Жалпы, жат ағымға ермей, ата-бабамыз ұстанған Ханафи жолында бой түзеп жүрген бүгінде жасы бар, жасамысы бар. Бұл – үлкен қуанышты жағдай. Үзеңгілес жүрген осындай көп замандастарыма қарап, барлығы да осы ата-бабамыз ұстанған хақ жолға байланып, тура ізбен қадам басса дейсің. Бірақ, бәрі ойлағаныңдай болса ғой, шіркін. Өз ойымша, жат ағымға ілуге де, ілікпеу де адамның өзіне және оның өз ерік-жігеріне тікелей байланысты дер едім. Отбасындағы тәрбие де бұл жерде үлкен маңызға ие. Салиқалы да көрегенді тәрбие – жат ағымға арбалуға жол бермес еді. Біз бүгіндері де осы қазақы келбетімізге сай дәстүрлі ислам жолы түрлі ағымға бір жауап болатынын ұмытпасақ екен. Қарындасыңды құрықтап, ініңді ерітіп, ағаңды адастырып, ата-анаңды әуреге салар жат жолдардың діттегені не сонда?! Кімді құдай қылып, кімге иланып жүр, олар?! Адамдарды нендей сорақы, мүсәпір күйге түсіріп отыр, олар?! Міне, осы негізгі сұрақтарға іштей жауап тауып, ой елегінен өткізіп, дұрыстап қана ойлансақ, және де басқаларына соны нақты жеткізе білсек, нағыз батылдық болар еді! Бұл бүгіндері өте қажет!
Жат ағымдардың атқарып жүрген істері пайда берген болса, біз қазір әуреге түсіп, ауыз толтырып, әркімге жария салмас едік. Бұрыс болған соң да айтылып, жазылып, көрсетіліп жүрген жай емес пе?! Осыны енді түсінетін, ұғып, көзді ашатын кез келді!
Өмір – бір орында тұрмайтын, өзгерісі көп өткінші дүние. Соны салиқалы да саналы, салмақты іспен, дұрыс та керекті кезеңмен кешіп өтсек, шүкіршілік! Бірақ та пендешілікке салынып, бұл жайды көбіне-көп естен шығаратынымыз тағы да жоқ емес. Бұл көріп, көрініп жүрген жағдай. Содан барып, Жаратушыға емес, еш қажеті жоқ таңсық жердегі құдай деп тапқан қияли түсінікке бойсұнып, ғұмырдың бір бөлігін өткізіп жүрсек кім болғанымыз?..
Мәселен, ҚР Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының бас сарапшысы Зейнолла Абдуманапов "Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдар" деген мақаласында: "…Исламға жат ағымдардан туатын үлкен бір мәселе ол Ислам дінін жартылай және қате түсініп, өздерін ұстазсымақ санаған адамдардың айтқанына еріп, психологиялық тұрғыдан өз өмірлерін қиюға дайындығы. Ислам дінін дұрыс түсінбеушілік мәселесі діни фанатизмге алып келуде. Мысалы, егер діни білімнің және тәжірибенің толық жоқтығы өзімшілдік және аморальдық сияқты экстремизмнің бір түріне әкеліп соқтырса, ал жартылай, үзінді діни білім қарама-қарсы нәтижеге агрессивтік радикализмге әкеледі. Сириядағы соғысқа бала-шағаларымен аттанған қандас бауырларымыз осы ағымдардың ықпалына түскендігін атап өткен жөн" (abai.kz ақпараттық порталынан) дейді.
Қостанайлық имам Ерік Ыбырай: "Жат ағымға ілесіп кету діни сауаттың аздығынан деп ойлаймын. Және бұл жерде интернет бостандығы да бар. Адамдар қадағалаусыз кеткен көп сайттарды ашып, оқып көріп, солардікі дұрыс деп түсінуі мүмкін ғой" дейді.
Айналаға ашық қарап, көз салайық! Сақтанайық! Жат ағымға бөгет болайық, ағайын! Зардабы көп жат ағым ешкімге пайда бермесін ұмытпайық! Бағыттың туралығын табайық! Өзгелерге де дұрыс діни нұсқау беріп, жөнді жол сілтейік! Бұл сізбен бірге замана тынысында қатар жүріп келетін замандастың үні деп қабылдарсыз. Ой тастарсыз.    
Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓