«Ауылдың балалары» – жеңімпаз!
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының тапсырысымен облыстық мектеп лигасының финалдық жайдарман ойыны өтті.
Жартылай финалда үздік ойын көрсетіп финалға жолдама алған Рудный қаласы, Қостанай ауданы мен Жангелдин ауданынан келген 5 топ өз бақтарын сарапқа салды.
Жайдарман да заман талабына сай бейімделіп, жаңа үрдіс алғанын айтады «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ «Қостанай КВН» филилалы директоры Марғұлан Бәкір.
– Жайдарман – зияткерлік сайыс. Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді жеткізу. Қызығушылықтары бір жерде тоғысқан жастардың басты мақсаты өз қатарларына, аудиторияға әзілдің көмегімен ой тастау. Қазіргі уақытта көрерменсіз болса да ойындар өткізіліп жатыр. Әр ойынды «Youtube» желісіне жүктеп отырамыз. Жас командалар көбейіп келеді. Қазірде 20-ға жуық мектеп лигасы құрылған. Дегенмен, аудандарда және қаламыздағы қазақ мектептерінде бұрынғыдай емес, жайдарман қозғалысы бәсендеп қалғаны жасырын емес. Себебі, қолдау аз болып отыр. Оқушылар ойнағылары келеді, қолдау болмағаннан кейін көп командалар ойынға шыға алмай жатыр. Облыстық жастар ресурстық орталығы мен білім бөлімі тек студенттік лигаға қаржылай көмектесіп келеді, бірақ әлі де мектеп оқушыларына деген қолдауды көбейтсе екен деймін, – дейді Марғұлан Абдоллаұлы.
Бүгінде «Жайдарман» қозғалысы елдегі мыңдаған жастың басын қосқан үлкен ұйымға айналған. Көңілді тапқырлар түрлі тақырыптарды қойылымдарына арқау етеді. Жайдарманға құмартқан жастардың қатары Қостанай өңірінде де көбейіп келеді.
Финалдық ойын қорытындысы бойынша Рудныйлық қос топ «Modern Gays» және «Прогресс» финалист атанды. Ал жүлделі ІІІ – орын және 30 мыңдық сертификат Қостомар ауылынан келген «Аман ағаның інілері» тобына табыс етілді. Жүлделі ІІ – орын «Вице-чемпиондық» номинация мен 30 мыңдық сертификат Рудный қаласының «Ақ пен Қара» командасына бұйырды.
Сондай-ақ, облыстық мектеп лигасының биылғы жеңімпазы Жангелдин ауданы, Аралбай ауылынан келген «Ауылдың балалары» жайдарман тобы атанды. Жеңімпаз топ кубок және де 70 мыңдық сертификатты еншіледі.