Тергеу судьясы лауазымы енгізіледі
2015 жылдан бастап Қазақстанда қылмыстық істерді тергеу, сот шешімін шығару және кінәлі азаматтарды қамауға қатысты мәселелер біраз өзгеріспен атқарылады. Мәселен, ауыр қылмыстық істерден бөлек, барлық құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдың қомақты сомасын төлеуге тура келеді. Сосын шетелдегі секілді кепілзатты төлеген қылмыскерлер тергеу изоляторынан бірден босатылатын болады. Ал сан алуан қылмыстардан зардап шеккендер үшін арнайы көмек беру қоры құрылуы әбден мүмкін. Осы іспетті өзгеріс-тердің бәрі Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің жаңа нұсқасында көрініс тапқан.
Ең басты жаңалықтардың бірі – елімізде тергеу судьясы лауазымының енгізілуі. Бұдан былай тергеу ісіне тергеу судьясы араласатын болады.
Азаматтардың құқық қорғау органдарына, сондай-ақ, сот жүйесіне сенімділігін арттыру мақсатында жасақталып отырған тергеу судьясының міндеті туралы Қостанай облысы прокуратурасының 10-шы басқарма бастығы Асан Жақыпов былай дейді:
– Тергеу судьясы, ол кәдімгі соттың судьясы. Бірақ, ол көп судьялардың ішінен тергеу барысында, яғни, қылмыстық іс қозғалғаннан бастап, сотқа түскенге дейінгі аралықта сот бақылауын жүргізіп отыратын судья. Оған бүгінгі судьялардың ішінен тәжірибесі мол, кәсіби деңгейі жоғары, тергеу амалдарын жетік меңгерген мамандар тобы таңдалады.
Яғни, тергеу судьясы тергеушінің, прокурордың және басқа да сотқа дейінгі жүргізілген тергеудегі азаматтардың әрекеттеріне арыз-шағым бере алады. Сотқа барғанда кейбіреулер өздерінің берген жауаптарынан бас тартып, кейбірі тергеу барысында зорлық-зомбылық көрсетілгенін көлденең тартады. Жалпы, тергеу процесі дұрыс жүрмеді деген әртүрлі себептердің кесірінен істің қаралуы баяулай түседі. Осыларды мейілінше азайтып, сотқа барғанда істің таза болуын қамтамасыз ету мақсатында осы мәртебелі судья енгізіліп отыр. Тараптардың мүддесін шешіп беруге жұмыс істейтін бұл судья қылмыстық іс сотқа өткеннен кейін бақылауын жоймайды, – дейді Асан Аманжолұлы.