Тілімнің өрістеуі жолында
Қостанайға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлы Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада жергілікті зиялы қауым өкілдерімен, ақын-жазушылар және тілшілермен кездесу өткізді.
Халық қалаулысы келген күні аймағымызда «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы облыстық әділет департаментінде тіркеуден өтіп, ресми жұмысына кіріскенін айта кетейік. Бірлестіктің төрағалығына елімізге белгілі журналист, ASTANA телеарнасының өңіріміздегі меншікті тілшісі, «Құрмет» орденінің иегері Заңғар Санай тағайындалып отыр. Ал аймақтық филиалдың алқа мүшелігіне 13 адам өтті. Олардың арасында облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары, жас ғалымдар мен тіл мамандары бар. Алдағы уақытта Арқалық, Рудный қаласы мен Жітіқара, Қарабалық, Қостанай аудандарында бөлімшелер ашылмақ.
Мәжілісмен қоғамдық бірлестік мүшелерімен кездесу барысында қоғамның мақсат міндеттеріне тоқталып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөнінде келелі әңгіме өрбітті. Былтыр Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай архив құжаттарына негізделген деректі жылнама жарық көрген еді. Халық қалаулысы жергілікті кітапханаға аталған жинақты тарту етті.
Келесі кездесу сапары қаладағы «СарыарқаАвтопром» ЖШС корпоративті университетінің орталығында жалғасты. Бұл жер ана тілімізді оқытып қана қоймай, оның өрістеуіне зор үлес қосып келе жатқан орта. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойына орай бұл жерде тіл білімін техникалық ортаға бейімдеу мәселесі қаралды.
«Allur Group» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің бастамасымен биыл «Машина жасау терминдерінің сөздігі» жинағы жарық көрген болатын. Ең күрделі саналатын техника сөздерін қазақ тіліне аудару жобасының жетекшісі – «Allur» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметова. Бұл сөздік 1000 терминді қамтиды. Құрастырғандар – филология ғылымының докторы Ш.Құрманбайұлы мен филолог Г.Айтмұхамбетова.
– Қазақ тілі техникалық тіл бола ала ма, оны әрі қарай қалай дамытуға болады деген идеямен терминологиялық сөздік құрастыру ұсынысы былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көтерілген болатын. Біздің өндірістегі жұмысшылардың 80 пайызы – қазақтілді аудитория. Әлемдік ғылымда лингвоэкономика деген сала бар. Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында пайда болған термин «тіл дамымай, сана дамымайды» деген пікір қалыптастырып отыр. Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің филология факультетінде 42 мамандық бар, онда техника, инженерия саласы айтарлықтай дамып кеткен. Өзбекстанда машина жасау саласына қатысты бес томдық сөздік бар. Ал біздің елімізде филология ғылымы тек 3 мамандық бойынша оқытылады екен. Осыған қарап-ақ, тіліміздің қаншалықты тоқырап қалғанын байқауға болады. Қазір бұл мәселе мықтап қолға алына бастады деп айтуымыз керек. Мына сөздігіміз 8 айда аяқталды, – деді А.Ахметова.
Ахаң – қазақ тілінің терминологиялық сөздігін құрастырған ғалым. Ал Алаш арыстарының арманы – болашақта ғылымды, техниканы, өнеркәсіпті дамытқан ұлттың қалыптасуы болды.
– Бүгінгі жаһандану заманында экономикамызға қажетті техниканың көптеген модельдері елімізге келіп жатыр. Ал біздің ортамызда қазақ тілінде шығатын оқулықтардың жетіспеушілігі үлкен мәселе болып табылады. Соның ішінде өнеркәсіпті қазақ тіліне бағыттау мәселесі барлық салада ақсап тұр. Тіпті, медицина саласының өзінде қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы. Осы түйткілдің біртіндеп шешілуіне зор үлес қосып отырған Allur компаниялар тобына алғысым шексіз. Бұл сөздік тек осы өндіріс ошағында ғана емес, техникалық мамандықта білім беретін барлық оқу орындарына пайдалы оқулық болғалы отыр, – деді Б.Әбдіғалиұлы.
Компания халық қалаулысымен ұдайы байланыста. Allur University басшысы Людмила Олкинян қазақ тілінің дамуы мен азаматтарды оқытуға қатысты кез келген ұсынысы мен бастамаларын куратор ретінде Мәжіліс депутаты қолдап келе жатқанын жеткізді.
– Қазір осы орталықта өз оқытушы мамандарымыз білек сыбанып жұмыс істеп жатыр. Осы қолдауыңыздың әрі қарай да үнемі жалғаса беретініне сеніміміз зор. Қазақтың байырғы тілі арқылы тарихымызды, мәдениетімізді тереңдетіп білуіміз керек, – деді Л.Олкинян.
Суреттерді түсерген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.