Оймақтай ойлар

Шаяхмет цвҚандай шебер Жаратқан!
 
Қалам мен Қағаз. Қылыш пен Қынап. Тамыр мен Бұтақ. Бірінің бірінсіз күні жоқ. Бірақ, адамға сыры мәлім. Қаламның қағазға көзі түспесе, соры қалың. Қағазға қаламның ізі түспесе, көңілі жарым. Қылыш қынап болмаса жалаңдап тұрады, қынап қылыш болмаса, алаңдап тұрады. Тамырсыз ағаштың жапырағы жайқалмайды, бұтақсыз тамырға қан жүгіргені байқалмайды.
Осыларды бір біріне қаратқан – қандай шебер  Жаратқан!
 
Түсінбеймін
 
Мойынын қамытқа салып тұрып, "Құдай басқа салмасын!" – деп қамыққандарды түсінбеймін.
Қуат-күші бар болса да, жадап-жүдеп тірлік кешкеніне өзін кінәламай, "Құдай салды, мен көндім" – дегендерді түсінбеймін.
Кездейсоқ тап болған жағдайды көріп тұрып, "Құдай неге көрмейді?" – деп Жаратқаннан жақсылық дәметкендерді түсінбеймін.
Бес парызын орындай алмаса да, кісіге жасаған жақсылығын міндет қылып, "Құдай көріп тұр ғой. Жұмаққа мен бармағанда, кім барады?!" – дегендерді мүлде түсінбеймін.
 
Жаным  ашиды
 
Торға шырмалған құсқа, ауға түскен балыққа, орға құлаған аңға жаным ашиды.
Жалғыз өскен талға, бақташысы жоқ малға, батасы жоқ шалға, атасыз өскен балаға жаным ашиды.
Ана сүтін ембеген, ата тәрбиесін көрмеген сәбиге, отбасынан тәлім-тәрбие алмаған бойжеткенге, ауылынан алысқа ұзап бармаған бозбалаға жаным ашиды.
Қарауындағылар тілін алмаған, өз балаларын да жөнге салмаған бастықтарға жаным ашиды.
 
Не пайда?!
 
Көйлек тігер торқа, бөзді сандықтан шығармай, шіріткеннен пайда жоқ.
Көңілдегі көрікті сөзді ауыздан шығармай, іріккеннен пайда жоқ.
Тамыры терең бәйтеректі көзге ілінбейтін құрт-құмырсқа сұлатады.
Мызғымай тұрған тұғыр-тіректі жұрт елемейтін сыбыр-күбір құлатады.
 
Тарихта қала ма?!
 
Қой қамаған қораға ешкі кірген, атты әскер мен пілді де пешкі көрген заманда елде жүрген естілерден естір сөз ескерілмей, еленбей қалады екен. Жағымпаздар жарысы қызған сайын жазғыштардың жолы болады екен. Бірақ, солар, аты шықпай жер өртесе де, тарихта қала ма екен?!
 
Ер және ез
 
Күндізгі істерін қас қарайғанға дейін созбаған, кешегі берген уәдесін ертеңіне бұзбаған, жаманшылықты көзі шалса, жүрегі сыздаған  кісіні ер десе жарасады.
Мансапқа жеткен кісіні өліп-өшіп мақтаған, аярларды жақтаған, адамдықтан аттаған кісіні ез десе жарасады.
Елі үшін тер төккен, жері үшін қан төккен кісіні ер десе жарасады.
Қарақан басын ойлаған, қанша жесе тоймаған кісіні ез десе жарасады.
Ездер еңсеңді басса, ерлер рухыңды көтереді.
 
Оңайдан олжа тапқандар
 
Қаңғыбас итті тазы деп, бір кесек майды қазы деп жүргендер жалы жоқ қаншырды арыстан, қоян алатын халі жоқ қаншықты арлан деуден де тайынбайды. Тұлпар болмаса да тарлан атын алғандар, сұңқар болмаса да тырнағын құсқа салғандар аз емес. Олар көбейген сайын теперіш көретін жүйріктер мен қырандардың да жағдайы мәз емес.
  Оңайдан олжа тапқандар жабыға жабу жапқысы келіп тұрады. Абыройын сатқандар ағайын арасына от жаққысы келіп тұрады. Жүрегіне шам жаққандар ғана кісі көңілін тапқысы келіп тұрады.
 
Мұнысы несі?
 
Атшаптырым жерге биесауым уақытта жетіп келетін қазақтың түйетанымы зорайып, есекдәмесі ұлғайып, ешкікөзденіп шыға келетіні несі?
Құйысқанға қыстырылып, маймылбеттеніп, күзендей кектеніп, өзінің қылғанын біреуден көретіні несі?
Істің аяғын сиырқұйымшақтатып, мысықтілеуін ішіне бүккен қоянжүректің түлкібұлаңға салатыны несі?
Текетірескен екі қошқардың басы бір қазанға симай қалатыны несі?
Қой мінезді қазақтың итжандылығын мақтан қылатыны несі?
 
Бір қарын май
 
Компьютердегі әрбір файл немесе қоржыным сары майды тығып қойған қарын тәрізді. Тек солардың ішіне абайсызда құмалақ түсіп кетпесе екен деп қауіптенемін. Қайтадан сүзіп, ой елегінен өткіземін. Тұзы татымай жатса, тұз қосып, қалпына жеткіземін.
Кейде қаймақтан май шайқап, сары суын да сарқып аламын. Кейде көбігін де қалқып аламын. Қалам қуатына қанша сенсең де, шығармаларды елеуіштен өткізудің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.
 
Өлшем және мөлшер
 
Күн көзі қызып тұрса – сүйіндіреді, қатты күйдіріп кетсе – күйіндіреді. От қалыпты жанса – жылытады, қатты жанса – өртке айналады, құртады. Су арнадан асса – тасып кетеді, аспай қалса, ақпай қалса, сасып кетеді. Жауын ұзақ уақыт жаумай қойса – зарықтырады, қоймай жауса – жалықтырады.
Байқап тұрсаң, бәрінің өлшемі бар. Сол себепті әр заттың мөлшері бар.
Қаламгерге қойылар басты талаптың бірі – аз сөзге көп мағына сиғызу, айтар ойыңды әсерлі жеткізу. Кейбір жазушылардың қалың-қалың томдары беті табақтай, қарны қабақтай семіз кісілерді көз алдыма әкелгендей болады. Оқи бастасаң, мылжың сөздерден мезі боласың. 
Нағыз қаламгер дәріхана қызметкері секілді әр сөзді, әрбір сөйлемді елеп-екшеп, өлшеп қолдануы керек. Не бір тамшы су, не бір тамшы у артық болып кетсе, ол дәрі ішуге жарамайды ғой.
Ал нағыз редакторды оташыға ұқсатамын. Ауру сөзді қырқып-жонып, ауру сөйлемді түзеп, күзеп, артық майын сылып тастаса, оның шығармаға пайдасы болмаса, зияны жоқ.
 
Ем мен у
 
Жаңғақтың дәні, бұлақтың суы, араның балы, жыланның уы – еппенен ішсең – ем болар.
Тып-тыныш жүрмей, мөлшерін білмей, талғаусыз жұтсаң, бойыңа сіңбей, он екі мүшең кем болар.
 
Өзгерген сөздер
 
Кейінгі уақытта "Ер жігіт мал тапқанмен не болады, Құдайым бір жағынан құрамаса" – деген жолдарды жиі естиміз.
Естігенге ешбір қатесі жоқ секілді. Алайда, сөз түбіне үңілсеңіз, үйдегі қажетіңізді өзіңіз жимасаңыз, кез келген бұйымды Алла құрамайды ғой. Осы орайда Нұржан Наушабайұлының:
"Домбыра күйге келмес бұрамаса,
Кім білер кімнің жайын сұрамаса,
Ер жігіт мал тапқанмен не болады,
Жұбайы бір жағынан құрамаса" – деген шумағы ойға оралады.
Шынында да, ер жігітті Алласы қолдаса да, оның тапқанын ұқсататын жанындағы жұбайы емес пе?! Біздің ойымызша, Нұржанның осы жолдары қанатты тіркеске айналып кеткен. Кейін сөз мәнін жете түсінбейтін кездейсоқ біреулер оны өзгертіп, "жұ- байым" сөзін "құдайымға" ауыстырып  алған.
 
Оқырман, тыңдаушы  және  көрермен
 
Оқырман оқиды, оқығанын көңіліне тоқиды, тоқығаны бір ғұмырға татиды.
Тыңдаушы тыңдайды, жақсы сөзді санасына сіңіреді, жаман сөзді бір құлағына кіргізсе, екінші құлағынан шығарып жібереді.
Көрермен көреді, көргеніне сенеді, жақсыларға  еліктеп, өзі де сондай болғысы келеді.
Бірақ, ойланбайтын оқырман, көпірме көбік сөзге қол соғатын тыңдаушы, көргеніне көзақы сұрайтын көрермен көбейіп барады.
 
Ала ауыз
 
Күнбатыста бір дұшпан, Күншығыста бір дұшпан көзін қадап тұрса да, біздің қазақ ала ауыз, дәме қылып жыртыстан, бір бірімен қырқысқан.
Жем келер деп қай тұстан қоңыз қиды теріп жүр, өрмекшілер өріп жүр… Жер бетінде сұр тышқан, жер астында көртышқан өлмес күнін көріп жүр…
Жетім қозы тасбауыр, өзге енені еміп жүр…
 
Шапалақ
 
Шапалақтың да түр-түрі бар. Ырза болып, қол  соқсаң – қошемет. Оның пайдасы өте көп. Ыза болып, күйінсең – ренжіткен кісіге қарсы әрекет. Көрермен алақаны қызғанша қол соқса – сүйініштің белгісі. Қыз жігіттің бетінен шапалақпен осып өтсе – күйініштің белгісі. Бірақ, сол шапалақ қыз арына қорған болатынын ұмытпа. Қайта-қайта қол соғудың да жалған болатынын ұмытпа. Кейбір шапалақтың ар жағында айқай тұрады. Кейбір шапалақтың тасасында шайтан тұрады.
 
Ханқамау
 
Ханқамаудың ойыны көп кісіге бағалы. Ойнағандар әлбетте содан рақат табады. Ханқамаудың ғажабы – ойыншылар әскерлердің тажалы. Қатардағы сарбаздардың көп болса да ажалы, төменде қалған сарбаздар ұмтылады жоғары. Сол сарбаздар сәті түссе піліңді де, атыңды да жеп алады. Тайынбайды тап беруге ханға да, ашылғанда араны. Босағада тұрған әскер төрге шықса егер де, уәзірдің де орнын тартып алады. Бір сөзбен айтқанда, шабуылдаушы да, қорғанушы да кінәлі.
Ал осының барлығын орынына қоюға жетер ме екен шыдамы, бар ма ханның амалы?!
Менің ойымша, шамалы!
 
Ағарту және жарық беру
 
 Мемлекет қазынасынан халықты ағартуға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Қалаға жарық беруге миллиондаған қаржы беріледі.
Нағыз жазушының еңбегіне неге осындай қаржы берілмейтініне таң қаламын. Олар да прожекторлар секілді ағарту және жарық берумен айналыспай ма?
 
Сылақшылар мен құрастырушылар
 
Чехияда суретшіні сылақшы (маляр), ал ақынды құрастырушы (слагальщик) деп атайды. Графомандарға қарата айтылған сөз секілді әсер етеді. Шынында да нағыз суретшілер сурет салады, ал кемталанттар сылап қана қоймайды, кенептің өзін бүлдіреді. Нағыз ақындар жыр шығарады, кемта-ланттар сөз құрастырады. Айырмашылығы осы ғана.
Жазушы деген сөз жазудан шыққан. Ерінбеген етікші болады. Ұялмаған өлеңші болады. Екінің бірі өлең жазады. Нағыз жазушыны қалай танимыз? Әлде оларды басқаша атау керек пе?
Ақылбек  Шаяхмет
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓