Еңбек түбі – береке

Облыс ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күнін атап өтті. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов ауқымды баяндама жасап, өңір саладағы қол жеткен жетістіктер мен алға қойған міндеттер туралы айтты.
-Биыл  облыс бойынша 4,9 млн. гектарға дән сіңірілді. Оның ішінде майлы дақылдардың алқабы 748,3 мың гектарға жетіп, 141 мың гектарға ұлғайды. Соңғы бес  жылдың ішінде егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдардың алқабы  1,7 есеге ұлғайды. Облыс халқының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында қарақұмық, күнбағыс, картоп сияқты дақылдардың алқаптары артты. Жалпы, облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен дамуы қолайлы ауа райы жағдайында өтті. Нәтижесінде егін жинау алдында дәнді және майлы дақылдардың 60% – і жақсы, 40% – іне  қанағаттанарлық баға берілді.  Аграрлық сала қызметкерлерінің жинақталған мол тәжірибесінің, шаруалардың  қажырлы еңбегінің арқасында биыл қомақты астық жиналды. Соның арқасында республикада астық жинау көрсеткіші бойынша біздің облыс екінші орынға шықты,-деді облыс әкімінің орынбасары. 
Биыл ауылшаруашылық саласын қолдауға 112 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде форфардтық сатып алу және "Кең дала" бағдарламасы бойынша 57 млрд теңге  берілді. 45 млрд теңге субсидия төленген. "Осындай қолдаудың арқасында биылғы жыл  шаруалар үшін табысты болды деп айтуға болады. 5 млн тоннадан артық астық жиналды. Мұның бәрі біздің диқандарымыздың қажырлы   еңбегінің арқасы",  -деді  облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Салтанатты шара үстінде облыс ауылшаруашылығының дамуына  қомақты үлес қосқан сала мамандары марапатталды. Мәселен, ауылшаруашылығындағы ұзақ жылғы табысты еңбегі үшін Әулиекөл ауданындағы "Әулие-би" ЖШС директоры Нұрқан Садуақасов, Қостанай ауданындағы "Влад" шаруа қожалығының жетекшісі   Владимир Степаненко және Меңдіқара ауданындағы "Азат и Д"  кәсіпорынының директоры Марат Ахметов омырауларына "Еңбек ардагері" медалін тақты. 
Марат Жұмасұлтанұлы жетекшілік ететін серіктестік 10000 гектарға дәнді-дақылдар себеді. Биыл шаруашылық әр гектардан 16 центнерден өнім жинап алыпты. Бұл бұрнағы жылдарға қарағанда көп жоғары дейді кәнігі диқан.
-Биыл құдайға шүкір жылымыз жаман болған жоқ. Жыл он екі бойы бір тыным көрмейтін шаруалардың есіл еңбегі ақталды десек артық емес.  Осының алдындағы жылдары өңірде жауын жаумай, қуаңшылық болғанын білесіздер. Шаруалар қажетті өнімді жинай алмады. Оның үстіне, бидай бағасы да төмен еді. Соның бәрі артта қалғандай.  Барша әріптесімді мерекелерімен құттықтавймын!,-дейді  облыстық фермерлер одағының төрағасы, облыстық Құрметтің азаматы Марат Ахметов.
Бүгін алты адамға "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісі табыс етілді. Олардың арасында  Алтынсарин ауданындағы "Темте" ЖШС директоры Сапабек Хамит, Б.Майлин ауданындағы "Мечта-98" кәсіпорынының директоры Владимир Кравчук, Жанкелдин ауданындағы "Сыма-К" шаруа қожалығының басшысы Манат Кәрбозов, Қамысты ауданындағы "Қарабатыр" агрофирмасының директоры Марат Құдайқұлов, Қостанай ауданындағы "Борис-Романовское" кәсіпорынының директоры Алдаберген Жұмағұлов, Науырзым ауданы әкімінің орынбасары Қабидолла Ормановтар бар. Сондай-ақ, он алты адам ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, отыз адам облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бір қуантарлығы, ауыр еңбекті қайыспай көтеріп, саланы дамытуға айрықша үлес қосып жүргендердің дегні жастар. Солардың бірі Еркебұлан Мырзағалиев жетекшілік ететін "Үш жүз" шаруа қожалығында 3100 қой өсіріледі. Қазіргі таңда шаруақор азамат 500 малға арналған мал сою цехы  бордақылау алаңының құрылысын қолға алды. Ол қожалық базасында бір тұрғын үй, екі мал қорасын тұрғызды.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні  одан әрі мерекелік концертке ұласты. Сала мамандарын "Дос-мұқасан" вокальды-аспапты ансамблі құттықтап, әннен шашу шашты. Толығырақ газетіміздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓