Денсаулық сақтау министрі Қостанай облысында
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қостанай облысына келді. Жұмыс сапары барысында медицина мекемелеріне бас сұғып, мамандармен тілдесті.
Министрдің әуелі аялдаған нысандарының бірі перинаталдық орталығы бар Рудный көпбейінді ауруханасы болды. Бұл ауруханада тәулік бойғы стационардың 520 төсегі, күндізгі стационардың 100 төсегі және ауысымда 66 адам қабылдайтын тері-венерологиялық бөлімшесі бар. Ал перинаталдық орталықта босандыру және гинекологиялық бөлімшелер, жүкті әйелдер, жаңа туған және шала туған нәрестелер патологиясы бөлімшесі жұмыс істеп тұр.
Перинаталдық орталықта министр мамандармен, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен заманауи медицина жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін мониторлар сатып алу, ұрықтың перинаталдық жай-күйін диагностикалау, жаңа туған нәрестелерге шұғыл көмек көрсету, сондай-ақ тыныс алу аппаратының жетіспеушілігі туралы түйткілдер көтерілді.
Елдің бас дәрігер сонымен қатар қызметкерлерді оқытуға, дәрігерлер мен акушерлердің біліктілігін арттыруға назар аудару маңызды екенін атап өтті.
Аурухананың штатында 1175 қызметкер, оның ішінде 185 дәрігер жұмыс істейді. Дәрігерлердің орташа жалақысы 520 мың теңге болса, фельдшер-медбикелердікі 290 мың теңгеге жетеді, кіші санаттағы қызметкерлердікі – 110 мың теңге.
Сонымен қатар, Ажар Ғиният 58 жұмыс орнына арналған медициналық бұйымдар, техникалық оңалту құралдары мен медициналық жиһаз өндіретін кәсіпорында болды. Онда отандық өндірістің қуатын кеңейту және ішкі нарықты зауыт өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелері айтылды.
Одан соң министр Қостанай ауданы Октябрь ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барып, мамандардың жағдайын білді.