Қостанайда Төлен Әбдіктің кеші өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Қостанайда әйгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, жерлесіміз Төлен Әбдіктің шығармашылық кеші өтті.
Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнегімен келген қаламгер, «адам жанының археологы» атанып кеткен терең ойлы, биік парасатты, психолог жазушы, әлемдік «Франц Кафка» сыйлығының иегері Төлен Әбдік биыл 80 жасқа толып отыр. Осы мерейтойына орай туған өңіріне арнайы келіп, шығармашылық кездесу өткізді. Рухани кеш І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры сахнасында өтті. Кешті белгілі ақын, ҚЖО мүшесі Абылай Мауданов жүргізіп отырды. Қазаққа "Өлара", "Оң қол"," Парасат майданы", "Тозақ оттары жымыңдайды", "Ақиқат", "Әке" секілді ұлы туындыларды тарту еткен классик жазушы әдебиет, руханият төңірегінде әсерлі әңгіме айтып, тағылымды сұқбат берді. Мәселен, өзінің ең көлемді романы "Өлара" туралы сұрақтарға жауап берді. Шығарманың жалғасы қашан аяқталатынын, оқиға желісі қалай өрбитінін айтты. Жазушыға көрермендер де көп сұрақ қойды. Кеш барысында оның "Ер Сейіт пен қыз Бәтіш" шығармасының желісімен сахналанған "Өтелмеген парыз" атты қойылымнан үзінді көрсетілді. Актерлер ойынына тәнті болған жазушы көзіне жас алды. Сондай-ақ, "Өлара" романында қолданылатын «Сенің көзің» атты авторлық өлеңі оқылды. Жергілікті өнерпаздар әндер айтты. Қаламгер күйшілік өнерімен де жұртты тәнті етті. Кеш соңында облыстық Мәдениет басқармасы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыс етті. Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев