Валидатор жыл соңында іске қосылады
Қостанайда цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін облыс орталығындағы әрбір автобусқа валидатор орнатылатын болды. Мұнымен қоса, жол жүру құнын картамен төлеу қымбатырақ болады. Ал қалалық саябақтарда жаз мезгілінде тегін Wi-Fi қолдану мүмкіндігі пайда болмақ.
Облыс әкімдігінде шенеуніктер өңірді цифрландыру мәселелерін талқыланды. Әрине, көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырып – автобустарда жүру құнын электронды төлеу жобасын іске асыру. Әуел баста валидаторлар әрбір автобусқа 2019 жылдың соңына қарай орнатылады деп жоспарланған, алайда ол кезде демеуші табылмаған еді. Ақыры бұл жоспар осы жылдың көктем айына шегерілді. Сол уақыт аралығында демеуші де табылды – көмекке алматылық компания келуге ниет білдірді. Бірақ осы күнге дейін түбегейлі келісімге келу мүмкін болмаған. Мерзім тағы да шегерілді. Билік өкілдері бұл ең соңғы шегініс екенін айтып отыр.
"Қазір қала әкімдігі, "Alempay" ЖШС және тасымалдаушылар арасында үшжақты келісім-шарт жасасу шаралары жүзеге асып жатыр. Барлық жұмысты аяқтап, аталған жүйені іске қосу осы жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр", – дейді Қостанай қаласы әкімі Қайрат Ахметов.
Жаңа жүйенің бір айыбы – қолданысқа енгеннен-ақ электронды билет бағасы қымбаттайды. Валидатор орнату шығыны көп жұмыс, сондықтан жол жүру тарифін ұлғайту шешімі қабылданып отыр екен. Жол құнын электронды түрде төлейтіндер үшін бұрынғыша 80 теңге, ал қолма-қол есептескісі келген адамдардан 150 теңге талап етілмек. Қалалық ТКШ мамандарының айтуынша, тариф әлі де өзгеруі мүмкін, әзірге талқылау жұмыстары жүріп жатыр. Бір анығы – қолма-қол құн төлеу қалайда қымбатырақ болады.
Цифрландыру басқа салаларда да іске аспақ. Мәселен, қазіргі уақытта "Ақылды жарықтандыру" жобасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Көшелерді жарықтандыруды басқаруға 513 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. аталған жүйе электр қуатының қосылу және сөнуінің күн сайынғы дәл уақытының жылдық кестесін автоматты режимде жүргізуге, қашықтан электр есептегіш көрсеткіштерін алуға, санкцияланбаған қосу жағдайларын бақылауға және ақаулар шыққанда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Тағы бір жағымды жаңалық – Қостанайдағы демалыс саябақтарында тегін Wi-Fi пайда болады. Атап айтқанда, Орталық скверде, Жастар бульварында, Гашек көшесі бойындағы жағалауда, Жеңіс паркінде ақысыз интернетке кіру мүмкіндігі ашылады. Облыс басшысы бұл тізімге құрылысы жүріп жатқан триатлон саябағын да қосуды тапсырды. Айта кету керек, Гашек көшесіндегі жағалау бойына және Жеңіс саябағына бейнебақылау құрылғылары орнатылады. Бұған 100 млн теңге бөлініпті.
Ж.Балғынбекұлы