Жануарларға жанашыр жоба

Жаз айында ұйымдастырылған әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі бірталай талантты қостанайлықтарды елге танытты. Үздіктердің үздігі атанған 13 жеңімпаз 200 мыңнан 400 мың теңге көлемінде арнайы гранттарға ие болды. Соның бірі – «Жануарларды чиптеу» жобасын ұсынған Натик Машадиев.
Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, бұл салада жүргеніне қазір 5 жылдай уақыт болған. Оның әкесі Юрий Шагиахметов ветеринария ғылымдарының докторы, ал анасы Виктория Машадиеваның осы салада ғылым кандидаты деген атағы бар. Оған жануарларға деген махаббат бала күнінен қалыптасты десек артық айтпағанымыз. Қазіргі күні Натик «VITA» ветеринарлық клиникасында дәрігер әрі «Қостанай ЗОО Пульс» баспанасының волонтері қызметін атқарады.
«Отбасымызда ветеринарлық жұмыс – өмір салты. Жұмысымызда көптеген жағымды және жағымсыз жағдайларды көп көреміз. Дегенмен, дәрігер болып, бұл мамандықтың иесі атану үшін шыдамдылық танытып жүрміз. Жұмысыңды жақсы көрмесең, одан нәтиже шықпайды», – дейді кейіпкеріміз.
Қостанай облысының «ГРИН» азаматтық альянсы» ҚҚ төрайымы Динара Өтебаеваның айтуынша, жануарларды чиптеу әдісін енгізу бірлестігі он жылдан астам уақыт бойы жануарларға көмек беріп, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
«Біздің қоғамдық бірлестік барлық ұйымдастыру істерін өздері жасауда. Грантты ұтып алу мүмкіндігі олардың дамуына үлкен септігін тигізеді. Чиптеу жобасы оң нәтижелермен толығатынына сенімдімін», – дейді Д.Өтебаева.
Чиптеу әдісі – жануар мен оның иесі туралы барлық мәліметтер көзін қалалық деректер қорына енгізу. Ол 15 таңбалы нөмір арқылы жануарлардың микрочипін имплатациялайды. Чиптеу жоғалып кеткен жануарларды іздегенде немесе қалалық жануарлардың тіркеудегі есебін дұрыс жүргізу үшін қажет.
«Жобаға ұсыныс тастаған кезде ұтамын деген ой болмады. Бірақ, бағымды сынап көргім келді. Бағдарламамды онлайн қорғап шықтым. Бір ай өткеннен кейін 200 мың теңге көлемінде грантты ұтып алғанымды естідім. Бұл біздің бірлестігіміз үшін үлкен қаржылай көмек болды. Ұтқан ақшаға жобамызға қажетті техниканы сатып алдым», – дейді Натик Машадиев.
Қостанайлық тұрғындар үшін әлеуметтік жобалар мен идеялар жәрмеңкесі ерекше маңызға ие іс-шаралардың бірі. Ұйымдастырушылардың пікірінше, жәрмеңкеде үздік деп танылған жобалардың тақырыбы бүгінде өте өзекті. Өлкеміздің дамуына үлесін тигізер жаңа бастамалар көптеп талқылануда. Алдағы мақсаттардың бірі – жоба мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтіп, оның дамуына үлес қосу.
Қаракөз МАҚАТОВА
ҚӨУ студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓