Дән баптап, нан өндірген өлке
16 қазан – Бүкіләлемдік нан күні. Бұл атаулы күннің біздің астықты өлкеге тікелей қатысы бар. Сондықтан облыстағы астық өндірісі, нан зауыттарының жұмысы туралы ақпарат беруді жөн көрдік.
Тобыл-Торғай өңірінде 110 ірі наубайхана бар. Олардың жылдық өндіріс қуаты 32 мың тоннаға жетеді.
Облыстағы жетекші нан зауыттары мыналар: «Ласточка-2021» ЖШС, «Азия» СҮ, «Сузан А» ЖШС, «Алтын Нан» ЖШС, «Багдасарян» ЖК, «Юрченко» ЖК (Қостанай қ.), «Карагулина» ЖК, «Раумэна» ЖК (Рудный), «Алтын Өмір» ЖК (Лисаков), «Куншар» ЖК (Арқалық), «Инспэк» ЖШС (Әулиекөл ауданы), «Шалыгин» ЖК (Алтынсарин ауданы), «Черных» ЖК (Б.Майлин ауданы), «Бисенали» ЖК (Жітіқара ауданы), «Трапеза» наубайханасы (Қарабалық ауданы), «Каспий» ЖК (Меңдіқара ауданы), «Түбек» ЖШС (Науырзым ауданы), «Калашникова» ЖК (Сарыкөл ауданы).
Ұн және нан өнімдері өндірісінің көлемі облыс халқының жылдық сұранысынан 10 есе асып түседі. Қостанай облысының ұн өндірісінен бірінші орын алатынын да айта кеткен жөн. Яғни елде өндірілетін ұнның 33%-ы біздің өңірге тиесілі. Жыл сайын балғын нан өндірісінің ұлғайып келе жатқаны байқалады. Соңғы тоғыз айда 20 тонна нан өндірілген. Бұл өткен жылғыдан 7,5%-ға көп. Нан-бөлке өнімдерінің түрлері де жыл санап көбейіп, сапасы да артып келеді. Оған өндірісте қолданылатын жаңа технологиялардың ықпалы зор.