“Әдейі өртеген”. Министр Әулиекөлдегі өрттің себебін атады
Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы алапат өртке табиғи фактордың қатысы жоқ екенін айтты.
Оның мәлімдеуінше, ірі орман өртіне байланысты тергеу шаралары әлі жалғасып жатыр. Дегенмен, өрттің найзағай түсуден тұтануы туралы болжам толығымен жоққа шығарылған.
«3 қыркүйекте біздің жедел топ оқиға орнынан барғанда негізгі өртеніп жатқан жерден 2 шақырымдай жерде бөлек ошақтары болды. Тіпті шыршалардың ұшар басын жалын шарпыды дегеннің өзінде оның түйіншек бүрлері мұндай қашықтыққа ұшып түсуі мүмкін емес. Демек, адам қолымен өртелген», – деді министр.
Орманға жақын маңдағы шабындық дала да өртеніп жатқан. Мамандар жел бағытын зерттей келе тілсіз жаудың жазық алқаптан басталғанын анықтаған.
«Бұл алқаптарда егін орағы аяқталып, шөп орылып жатқан. Өкінішке қарай, бұл жерге адам қолымен от қойылған нақтылап отырмыз. Осыған ұқсас жағдай БҚО-да болып, кінәлі ұсталып еді. Өзі дайындаған шөпті қымбатырақ бағағ өткізу үшін өзгенің маясын өртеген. Бұл осыған ұқсас жағдай болуы мүмкін», – деп толықтырды Юрий Ильин.
Министр тергеу іс-шаралары барысында орман шаруашылығы директоры ұсталып, бірнеше лауазымды тұлғадан жауап алынғанын да айта өтті.