Марат Ахметжанов: “Криминогендік ахуал тұрақталды”
Өңірімізге ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келіп, облыс тұрғындарымен кездесті.
Министр Қазақстандағы 30 жыл ішінде болған қылмыстық жағдайға баға беріп, жалпы, қылмыс әлемінің формациялық тұрғыда қаншама өзгерістерге ұшырап келе жатқанын баяндады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары басталған рекет, көпе-көрінеу тонау, зорлау, ату-шабу, есірткі тасымалы мен саудасы арнайы заң мен күштік құрылымның күш ала алмай тұрған тұсына тап келеді. Бірақ, ҚР Қылмыстық кодексі қабылданып, ішкі істер органдарына басымдық берілген кезден ұйымдасқан топтарға қарсы күрес күшейді. Отыз жылда қызметтік борышын өтеу кезінде мың тәртіп сақшысы қаза болып, 4 мың бала асыраушысыз қалды.
– Отыз жыл ішінде Қазақстанда түрмеде отырғандар 70 мыңға азайып, әлем бойынша 3-тен 77-ші орынға жетті. Біз «екі векторлық» қылмыстық саясатты қолға алдық – репрессияның төмендеуі мен аса қауіпті қылмыстар үшін жазаны қатаңдату. Ал біз елде бейбітшілікті сақтай алсақ қана алға дамимыз. Президент негізгі құндылықтарға: еңбекқорлық пен білімділікке, әлеуметтік жаңғыртуға ерекше назар аударады. Бұл біздің қоғамды одан әрі дамыту үшін қажетті маңызды бағыттар, – деді М.Ахметжанов.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.