Интернет-алаяқтықтан келген шығын – 10 млрд!
Аймағымызға келген ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов халықпен кездесуі кезінде бүгінгі қоғамды толғандыратын мәселелерді білуге, құқықтық тәртіпті сақтау жоспарларымен бөлісуге және жұртшылықтың ұсыныстарын талдауға мүмкіндік беретініне назар аударды. Бірігіп қана нашақорлық, интернет-алаяқтық қатарлы қоғам қауіпсіздігіне қарсы күрес сияқты маңызды бағыттарда нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Бұл мәселелерге бей-жай қарамау керектігін атап өтті.
Министрдің дерегінше, елде 2 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталған, оның ішінде 1,1 мыңнан астам өткізу фактісі. 11 тонна есірткі тәркіленген.
– Жыл басынан бері полиция осындай 33 нүктені жойды. Құны 2 млрд теңге болатын 107 келі синтетика немесе 200 мыңнан астам бір реттік доза тәркіленді. 1772 есірткі сайты анықталды. Олардың барлығы "Кибернадзор" жүйесі арқылы бұғатталған. Әрбір осындай интернет-дүкеннің артында есірткі сатушылар, курьерлер, кепілгерлер желісі бар бүкіл қылмыстық топтар бар. Басқаша айтқанда, бұл "цифрланған есірткі". Осындай электрондық ресурстардың бірін жою – жүздеген өмірді құтқарады, – деді генерал-лейтенант.
Министрлік осыдан он жыл бұрын өскелеңдердің есірткіге тәуелділігін анықтау мақсатында әрі болашақтың қамы үшін деп жасөспірімдер арасында скрининг өткізу ұсынысын айтқан екен. Бірақ бұл адамның жеке өміріне қолсұғушылық деген қоғам дүр көтерілген. Міне сізге нәтиже – қазір жасөспірімдер арасында есірткі тұтыну былай тұрсын, 17 жасар көкөрімдердің нарко-психотроптық лаборатория жасап алғаны жайында факт бар.
Баяндама барысында Марат Ахметжанов интернет-алаяқтық тақырыбын да сөз етпей кеткен жоқ. Айтуынша, барлық қылмыстар құрылымындағы төрттен бірі дәл осы қылмыс түрі екен. Айталық, кейде бір қылмыстық іс бойынша 100-ден астам жәбірленуші өтеді. Жалпы, республика бойынша ғаламтор алаяқтарынан азаматтарға келтірілген шығын 10 млрд теңге!
– Қазір біз шетелдік әріптестерімізбен байланыс орнаттық. Осының арқасында бірнеше қылмыстық топ ұсталды. Бірақ біз тек қылмыс фактісі бойынша жұмыс істемейміз. Екінші деңгейлі банктермен және ұялы байланыс операторларымен меморандумға қол қойылды. Әдетте банк қызметкерімін немесе полицияданмын дейтін аферистердің жолы кесілді. Бұдан былай ауыспалы нөмірлерді бұғаттауға көмектесетін құрал жасалды – алаяқ сізге жете алмайды. Жаңа құралдың арқасында ұялы байланыс операторлары алаяқтардың қоңырауларын бірден қабылдамай тастайды, – деді ол.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.