Өңіріміз психолог мамандарға зәру
Соңғы кездері өз-өзіне қол жұмсау дерегі Қостанай облысы бойынша біршама көбейген. Өткен жылы 54 суицид дерегі тіркелген. Осы арада тоқтала кететін жайт, оның 43-әйелдер, 11-і балалар. Бұл облыстық прокуратурада өткен қоғамдық кеңесте айтылды.
Оның себебі кәмелетке толмағандар арасындағы өзіне өзі қол жұмсаудың алдын алуда уәкілетті органдардың атқарған жұмыстарының жеткіліксіздігі болып отыр. Өзіне өзі қол жұмсауға негізінен отбасындағы, мектептегі және достарының ортасындағы қарым-қатынастар себепші болуда. Облыстық прокуратураның 1-басқарма бастығы А.Сыздықовтың айтуынша, облыс орталығында білім басқармасы жанынан құрылған психологтар ұйымы үшеу. Жалпы өңіріміз психолог мамандарға зәру. Қазір 40 психолог-педагог маманы жетіспейді. Сонымен қатар, кейбір білім ошақтарында психологтардың орнына басқа пән мұғалімдері қызмет көрсетіп жатқаны анықталып отыр. Мәселен, Ұзынкөл ауданында Бауман орта мектебінде психолог міндетін биология пәнінің мұғалім беріп келген. Осындай дәйектер көптеп кездеседі. Мұның бәрі балаларға тиісті психологиялық көмек берілмейді деген сөз.
Алқалы жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары К.Ибрагимовқа білікті маман психологтарды тарту, оқушылардың мектептен тыс тәрбиесін жандандыру және олардың бос уақытын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, оларға өмір шындығын нақты тұрғыда бағалау, теріс әсер ететін қысымдарға қарсы тұру қабілеттерін қалыптастыру міндеті жүктелді.
Сондай-ақ облыс прокуроры кәмелетке толмағандардың өзін өзі өлтіруге дейін жеткізуі бойынша қозғалған қылмыстық істердің тергелуіне тікелей бақылау жасауды жүктеді. Талқылаудың нәтижесінде қоғамдық кеңесте кәмелетке толмағандардың арасындағы өзіне-өзі қол жұмсауға бейім мінез-құлық профилактикасының жаңа әдістерін, кешенді алдын алу шараларын қабылдау, уәкілетті органдар мен жұртшылықтың арасындағы өзара іс-қимыл белсенділігін арттыруды қарастыратын балалардың арасындағы өзіне өзі қол жұмсаудың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жетілдіру қажеттілігін атап көрсетті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ