Бөлім басшысы сотталды
Қостанай ауданының Жер қатынастары бөлімінің экс-басшысы Еркін Сарымбет және оның сыбайластары бас бостандықтарынан айырылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, бөлім басшысы Сарымбет жергілікті жеке кәсіпкер Малика Сәрсенбаевамен сыбайласып, қарапайым азаматтарды алдап, қалталарын қағып отырған.
Сәрсенбаева жер теліміне мұқтаж адамдарды тауып алады. Олардың бәрінің өтінімі әуелде ресми қабылданбаған. Бірақ кейін бөлім басшысы жер берілетіні туралы жалған құжат жасайды. Ал кәсіпкердің туысы Аспантай Мәкішев клиенттерден қаражат алып, оны сыбайласымен бөлісіп келген.
«2020 жылдың мамыр-маусым айларында бұлар жәбірленушілердің үстінен жалпы сомасы 6,7 млн теңге пайда көрген. Сот Сарымбетті 5 жылға, Сәрсенбаеваны 7 жылға, Мәкішевті 4 жылға бас бостандығынан айырды , – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Еркін Сарымбеттің қолына сот залында кісен салынды. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде жазаларын өтейді. Сондай-ақ, олардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырылды.
Сурет авторы: С.Миронов