Облыс диқандары астық ору науқанын аяқтады

Биыл бұл өңірде өткен жылғы көрсеткіштен 2 млн тоннадан артық астық жиналды.
Былтыр шығым аз, шығын көп болған еді. Диқандар осы жылы мықтағанда 1 млн тонна артық өнім аламыз деп болжаған. Нәтиже жорамалды межеден әлдеқайда асып түсті. Оған жауын-шашынның көп түсуі себеп болып отыр.
«Биылғы орақ маусымында 3,957 млн гектар алқаптан 5 млн 21 мың тонна астық жиналды. 2021 жылы қамбаға 3,16 млн тонна бидай бастырылған еді. Орта есеппен, әр гектардан 11,7 центнер өнім алынды. Былтыр ол 7,5 центнерден аспаған болатын», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Диқандардың ендігі мәселесі – өнімді өткізу.  «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ 2022 жылғы астық сатып алу бағасын жария етті.  
«Баға нарықтағы қазіргі жағдайға байланысты әділ түрде белгіленді. 3-сұрыпты бидай құны – қосымша құн салығымен бірге есептегенде, желімтек сапасына қарай 121-125 мың теңге аралығында. 4-сұрыпты өнім – 115 мың, 5-дәрежелі бидай бағасы – 98 мың теңге. Ал арпа – 95 мың, сұлы – 90 мың, қарақұмық 170 мың теңгеден», – делінеді компания хабарламасында.
Айта кетейік, облыста майлы дақылдар жиын-терімі әлі жалғасып жатыр. Осы жылы небары 514 мың гектар жерге ғана егілген. Бүгінге дейін жалпы алқаптың 70 пайыздайы ғана орылған. Майлы дақылдарды сатып алу құны кейінірек жарияланбақ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓