Мұғалімдерге мерекелік марапат
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен, мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қазіргі таңда облыста 21 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Жаңа оқы жылында қатарларына 300-ден астам жас маман қосылған. Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған жиын Жастар сарайында өтіп, аймақ басшысы сала мамандарын құттықтады.
"Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. Осы ел игілігі жолындағы тынымсыз еңбектеріңіз үшін сіздерге шынайы ықыласымды білдіремін! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында білім берудің қоғам өміріндегі жетекші рөлін атап өтті. «Әділ Қазақстанды құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынына терең сенімдімін», – дейді Мемлекет басшысы. Шынында да, мұғалімдер әрқашан белсенді азаматтық ұстанымда, білім мен адамгершілік негіздерін ұрпақ санасына сіңіріп, қоғамның тірегі рөлін атқарып келеді. Құрметті ұстаздар! Сіздер өзіңіздің қажырлы еңбегіңіз бен тынымсыз ізденісіңіз арқылы ұлттың болашағын тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосасыздар", – деді облыс әкімі. Сондай-ақ ол Әулиекөл ауданындағы алапат өрт кезінде жапа шеккен жұртқа көмек көрсетудегі белсенділіктерін де ерекше атап өтіп, алғыс білдірді. Бұдан соң кезек марапаттау рәсіміне берілді. ақпарат бойынша, облыс көлемінде 16 ардагер ұстазға "Еңбек ардагері" табысталып, 7 педагог "Ы.Алтынсарин" төсбелгісін иеленген. 11 мұғалім ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен, 154 мұғалім облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталған. Мерекелік іс-шараның ең бір әсерлі сәті – мектеп оқушыларының ардагер ұстаздарға гүл шоқтарын сыйлауы болды. Өңір өнерпаздары мереке иелеріне ән мен күй, жыр мен би тарту етіп, кешті той-думанға айналдырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев